Биыл ел қазынашылығы жүйесінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай облыстық филармонияның концерт залында облыстық қазынашылық департаментінің 30 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Қаржы саласының қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
Осы жылдар ішінде қазынашылық мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын және сақталуын қамтамасыз ететін орган ретінде қалыптасып, ел дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде ШҚО бойынша Қазынашылық департаменті 12 аудандық басқармадан және департамент аппаратының құрамындағы 11 бөлімнен тұрады. Жалпы, аймақ бойынша бұл салада 148 маман еңбек етеді.
Мерейтой аясында өңір бойынша қазынашылық департаментінде ұзақ жылдар бойы тынбай қызмет еткен мамандар облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Бүгінде департамент мамандары өңірлік бюджеттің орындалуын қадағалап қана қоймай, қаржылық тәуекелдерді басқару, заңсыз шығындардың алдын алу және бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Шараға қатысушылар әріптестерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Кеш соңында аймақ өнерпаздары қазынашылық қызметкерлеріне арнап концерттік бағдарлама ұсынды.