Глубокое ауданында шаңғы спортынан ашық біріншілік өтті. Қатысушылар тау шаңғысы және шаңғымен жүгіру жарысында өз шеберліктерін сынады. Сайысқа әуесқойлар да, кәсіби спортшылар да қатысты.

Жарыстың басты мақсаты - қысқы спорт түрлерін насихаттап, өңір тұрғындарын белсенді өмір салтына баулу ғана емес, аймақтың туристік тартымдылығын арттыру. Аязды күнге қарамастан, спорт мерекесіне қатысушылар да, оны тамашалаушылар да көп жиналды.

Аймақ қысқы спорт түрлеріне қолайлы табиғи жағдайымен ерекшеленеді. Ақ қар жамылған асқар таулары, саф ауасы спортсүйер қауым үшін таптырмас мүмкіндік. Осы табиғи артықшылықтардың арқасында өңірдегі «Нұртау» тау шаңғысы курорты қысқы демалыстың басты мекеніне айналып отыр. Мұнда тау шаңғысы, шаңғы жарыстары және белсенді демалыс түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Шаңғы жарысына жүзге жуық қатысушы өтініш берген. Жалпы жүлде қоры 1 млн 200 мың теңгені құрады.

Спорт мерекесіне келген қонақтар үшін жылы шатырларда дастархан жайылып, ыстық шай ұсынылды. Глубокое ауданы әкімдігі мен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл сайыс жыл сайын дәстүрге айналмақ.