Наурыз айы Шығыс Қазақстан үшін жылы болады деп күтілуде. Ауа температурасы нормадан екі градусқа жоғары болмақ. Жаңбыр мол болуы да ықтимал. Қалың жауған қарды ескерсек, бұл тұрғындарға сақтықты күшейту қажет деген сөз. Арнайы брифинг өткізген метеорологтар мен төтенше жағдай қызметкерлері азаматтарға арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертеді.
Ең үлкен қар қоры Риддер, Алтай және Катонқарағай аудандарында. Дегенмен, судың деңгейі мен шығыны қысқы кезеңге сай. Ал, өңірдегі гидрологиялық бекеттерде жағдай әзірге қалыпты. Әйтсе де, Үлкен Нарын, Ұлан, Глубокое және Марқакөл аудандарында топырақтың қату тереңдігі өткен жылғыдан қалың.
Бұқтырма өзенінде Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарында, Күршім ауданындағы Күршім өзенінде, Шемонаиха ауданындағы Уба өзенінде және Марқакөл ауданындағы Қалжыр өзенінде профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізу қажет болатын учаскелер анықталды. Қазір жағалауды нығайту бөгеттерін ұлғайтуға, каналдар мен арықтарды, су өткізу құрылыстарын, көпірлерді тазартуға ерекше назар аударылған. 64 мың дана құм, 9 мың инертті қаптар және 263 тонна жанар-жағармайдың резерві құрылды.
Биыл Глубокое, Риддер, Катонқарағай, Күршім, Алтай, Самар, Шемонаиха және Үлкен-Нарын аудандарында қардың нормадан асуы байқалады. Айта кетейік, 6-7 наурызда облыста «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарда.