Италияның Турин қаласында өткен универсиада мен әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Әсіресе дүниежүзілік Универсиадада фристайлдың могул түрінен ел намысын қорғаған үш бірдей жерлесіміз жүлдеге ілікті. Олар – ұлттық құрама қоржынына екі алтын медаль салған Анастасия Городко мен күміс еншілеген Аяулым Әміренова және Антон Бондарев. Сондай-ақ АҚШ-тағы әлем кубогының Фристайл-могулдан күміс және қола медальді бірдей жеңіп алған Павел Колмаковты да жанкүйерлер мен қала жұртшылығы бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметі Қазақстанның туын биікке көтерген спортшыларға арналады. Италия жеріндегі байрақты бәсекеде екі рет тұғыр биігінен көрінген Анастасия Городко. Оның айтуынша, мұның бәрі жарысқа тыңғылықты дайындалудың арқасында.

Турин Универсиадасында қанжығасы майланған тағы бір жерлесіміз- Аяулым Әміренова. Ол додада көрсеткен нәтижесіне көңілі толатынын айтады.

Спортшыларды қарсы алуға келгендердің қарасы қалың. Әлбетте, арасында байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларымыздың жақындары да бар еді. Мәселен, Аяулым Әміренованың әкесі қызының мұндай жетістігіне ерекше қуанғанын, жүрегін мақтаныш сезімі кернегенін жасыра алмады.

Универсиада қорытындысы бойынша ел спортшылары үш алтын, төрт күміс және жеті қола медаль жеңіп алды.

Бұл – шығысқазақстандық спортшылардың қол жеткізген алғашқы жүлделері емес. Жыл басында жергілікті жанкүйер қауым жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлерін де зор қошеметпен қарсы алған болатын.