Облыс орталығында «BIR TOLQYNDA» ашық диалог алаңының кезекті жиыны өтті. Бұл жолы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ кездесуді Өскемен құрылыс-техникалық колледжінде ұйымдастырды. Шараның мақсаты - жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеру.
«Bir tolqynda» атты ашық диалог алаңына бұл жолы Үлбі металлургиялық зауытының мамандары студенттермен кездесті. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша аймақта электрик, құрылысшы, дәнекерлеуші сынды мамандар жетіспейді.
Өскемен құрылыс-техникалық колледжінде 400-ден астам студент білім алады. Дайын маманға қашанда сұраныс жоғары. Сондықтан колледждер кәсіп иелрін даярлауда аянбай еңбек етіп келеді. Өңірде былтырдан бері мектеп, колледж, кәсіпорын арасында үш жақты нақты бағдар бойынша маман даярлау басталды. Мұндағы басты талап дуальді жүйемен оқыту.
Облыста жалпы 38 колледжде 20 мың студент білім алып жатыр.Дуальді жүйемен үздіксіз оқу үшін 20 кәсіпорынмен келісім жасалған.Қазірдің өзінде 5 мың студент оқып жүріп өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл жалпы колледж бітіріп жұмысқа орналасқан түлектердің 87 пайызын құрайды.
Қазіргі таңда аймақтағы әр колледжде құзыреттілік орталықтары ашылып жатыр. Ол жердегі мамандар студенттердің сапалы білім алуын қадағалап, жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі.