Өскеменде өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті. Алдын ала сценарий бойынша, мұнай базасында жарылыс болып, соның салдарынан айналаны жалын шарпыған. Нысан әкімшілігі болған жағдайды анықтап, «112» қызметіне хабарласқан.
Бірінші кезекте нысан әкімшілігі мұнай базасы аумағынан жұмысшыларды эвакуациялады. Оқиға орнына лезде жеткен ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барлау жұмыстарын жүргізіп, өрттің неден шыққанын анықтады. Аумақта құтқарушылардан жасақталған өрт сөндіру штабы құрылды. Жанып жатқан резервуарды сөндіру үшін көбік шашылды. Бұл үшін арнайы өрт сөндіру техникалары іске қосылды. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша өрт кезінде нысан жөндеушісін күйік шалғаны белгілі болды. Оған Апаттар медицинасы орталығының мамандары шұғыл көмек көрсетті.
ШҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімшелерінің мамандары мен арнайы техникалар арқасында қызыл жалын ауыздықталды. Жаттығулардың бұл нысанда өтуі арнайы жоспар бойынша ұйымдастырылған. Жаттығу барысында жеке құрамның дайындығы тексеріліп, өрт сөндіру тактикасы жетілдірілді. Барлығы 11 техника мен 45 маман жұмылдырылды.