Өскеменде қазақ күресінен кіші жасөспірімдер мен жасөспірімдер арасында ел біріншілігі басталды. Байрақты бәсекеге 1300-ге жуық спортшы жиналды. Ел біріншілігі нағыз спорт мерекесіне айналды. Шараны ұйымдастырушылардың сөзінше қазақ күресі аймақта қарқынды дамып келеді.
Жас балуандар ел чемпионатына қызу дайындықпен келген. Себебі, жеңіс тұғырынан көрінгендер ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.
Байрақты бәсекенің өтуіне мұрындық болған республикалық қазақ күресі ассоциациясы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Жарысқа аймақтан 60-тан астам балуан қатысады. Олар ел біріншілігінде бар ерік-жігерлерін көрсетіп, шеберлік танытуға ниетті.Себебі, республикалық додаға келген жас спортшылардың осалы жоқ. Сайысқа кіл мықтылар жиналған.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны қатысушылар да, келген қонақтар да атап өтті.
Осындай турнирлердің мақсаты сол – ұлттық құраманы өңірлерден шыққан ең үздіктермен жасақтау. Өскеменде жалауы көтерілген ел біріншілігі 21 ақпанға дейін жалғасады.