Облыстық филармония залында «Vipusknik.kz - 2025» республикалық білім көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған білім көрмесіне елдің түкпір-түкпірнен 13 Жоғарғы оқу орындарының өкілдері келді. Екі күн бойы өтетін шараға Өскемендегі 49 мектептің оқушылары қатысады.

Білім көрмесі Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен өткізілді. Мұнда жиналған оқушыларға оқу орындарының мамандары керекті ақпараттармен бөлісіп, ЖОО –ның ішкі жай-күйімен таныстырды. Жиынға Өскеменнің оқу ордаларынан барлығы сегіз мыңға жуық бала қатысты. Ал, аудандық мектеп оқушылары зум қосымшасы арқылы мағұлмат алады.

Көрмеге Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Семей, Өскемен қалаларының білім беру мекемелері қатысты. Алматы қаласынан келген Еркебұлан Тазабек оқушыларға «Қазақ спорт және туризм академиясы» туралы ақпарат берді. Оқу ордасына түсушілер үшін бірқатар жеңілдіктер мен мүмкіндіктер қарастырылған.

Семейден келген Ералы Саятов көрмеде қанттан мүсін жасап, келушілердің назарын бұрды. Мұндай мүсін жасау үшін бірінші 2-3 күн бұрын сызбасы сызылып, мұқабасы дайындалады. Қанттан жасалатын бұл туындыға кемінде 3-4 сағат уақыт керек.

Оқушылардың білімге деген құлшынысы жоғары. Әрқайсысы өзіне не керегін, қай оқу орнына түсу керегін жақсы біледі. Жиынға қатысушылар ЖОО өкілдерімен тікелей сөйлесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Білім алаңы мектеп оқушылары мен түлектеріне дұрыс таңдау жасауға көмектесіп, болашақ мамандығы туралы жан-жақты мағлұмат алуына мүмкіндік береді.