Соғыс ардагері Стрехо Павел Еремеевич 99 жасқа келді. Қазір ол Глубокое ауданы, Веселовка ауылында тұрады. Ғасыр жасаған қария әлі де тың. Ардагер әскери өмірдің тыныс-тіршілігінен қол үзбей, жастарға жол сілтеп, тәлім-тәрбие беруден талған емес. Соғыс ардагерін ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен 27943 әскери бөлімінің өкілдері құттықтап қайтты.
Павел Стрехо 1943 жылы әскерге небәрі он жеті жасында шақырылған. Ол 1944 жылы үшінші Белорус фронтына жіберілсе, 1945 жылы Кенигсбергті азат етуге қатысты. Ардагер үшінші дәрежелі «Даңқ», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» және «Жуков» медалімен марапатталған. Ардагер өз кезегінде көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, майдан жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Ардагер 1998 жылы Веселовкаға қоныс аударған. Ардагердің бес баласы бар. Бүгінде балалары мен немерелері қарияға қолдау білдіріп, жанында демеу болып жүр.
Қорғаныс департаментінің өкілдері ардагерге ҚР Қорғаныс Министрінің атынан жіберілген құттықтау хатты табыстады.
Кездесу соңында ардагердің құрметіне әскери оркестр мен әншілер патриоттық, соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.