Өскеменде есірткіге қарсы күрес тақырыбында жастарға арналған семинар-тренинг өтті. Шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Семинар барысында студенттерге есірткі заттарының қауіп-қатері, оның салдары туралы ақпарат берілді. Кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Өңірде есірткіге қарсы күрес екпіні күшейіп келеді. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Нашақорлықтың алдын алу мақсатында облыс орталығында студенттермен кездесу өтті. Шараның мақсаты - қоғамға қауіп төндіріп отырған есірткінің зиянын түсіндіру. Саналы, салауатты өмір салтын ұстануға, жастарды осы мәселеге бейжай қарамай, қарсы күресуге шақыру.
Кездесу барысында қатысушыларға тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Кейін студенттер спикерлерге сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.