Қыс мезгілінде көшедегі қарды уақтылы тазалау, жолдар мен аялдамаларды қалпына келтіру, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төгу, балабақша, мектеп, медициналық пункт мәселесі тізе берсе өте көп. Бұл Өскемендегі Бабкина Мельница шағын ауданы тұрғындарының жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жан айқайы. Қала әкімімен кездесу барысында жергілікті халық тағы қандай сұрақтар қойды? Талап-тілектері қандай? Тілші бейнематериалында.
Ауданда бүгінде 20 шағын және орта бизнес нысаны, 20 аялдама, 15 көше бар. Шағын аудан тұрғындары жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жол мәселесін тағы көтерді. Себебі, көктем мен күзде, аяқ алып жүру мүмкін емес. Балшық езіліп, халықтың мазасы кетеді. Жолдың барлығы ойдым-ойдым шұңқыр.
Халықтың назын тыңдаған әкім, тұрғындар жіпке тізген барлық мәселені білетіндігін жеткізді. Аудандағы көшелерді жарықтандыру және жолды қайта жөндеу жұмыстарын қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысына барлығын мұқият зерттеп, зерделеуді тапсырды.
Бұдан бөлек қаңғыбас иттер, ауыз су, қоқыс шығару мәселесіне қатысты нақты тапсырма берілді. Ал «Таза Өскемен» ұйымының басшысына жергілікті базар маңындағы рұқсатсыз қоқыс үйіндісін жоюды тапсырды. Бүгінде шағын ауданда 3646 тұрғын тұрады. Бір мектеп бар. Кездесуде халық «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша шағын ауданда жаңадан бой көтерген білім ордасының қашан пайдалауға беретіндігін сұрады.
Қазіргі кезде құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүруде. Қауіпсіздік үшін мектеп маңында бейнебақылау камералары мен жасанды жол кедергілері орнатылады. Сонымен қатар балабақша мәселесі де назардан тыс қалмады. Жергілікті билік балабақша құрылысын қаржыландыратын демеуші табылса, ол да шешілетін мәселе, - деді. Алдағы уақытта балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін екі жаңа ойын алаңы салынбақ. Қала басшысы жоспарланған жұмыстардың орындалуын бақылау мақсатында жергілікті халықпен алдағы уақытта тағы да кездесетіндігін жеткізді.