Елімізде аталып өтіп жатқан Наурызнама он күндігіне сәйкес, 19 наурыз – Жаңару күні. Осы орайда Риддер қаласында экологиялық акция ұйымдастырылды. Қала тұрғындары шараға белсене қатысып, мерекелік көңіл күйді сезінді.
Бұл күні қала тұрғындары орталық алаңға жиналды. Олар пластикалық бөтелкеден ұзындығы екі жарым метрді құрайтын құмыра жасап шығарды. Құмыраның ішіне арнайы материалдан дайындалған қызғалдақ гүлі орнатылды. Аталмыш шараға қатысу үшін Назгүл Унтабаева отбасымен арнайы келген.
Нұрбек Берғалиев экологиялық акциялардан қалыс қалмайды. Ол қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе, дейді.
«Наурыз» логотипіндегі арт-нысан құрылысына дайындық 15-ші наурызда басталды. Содан бері түрлі мекеме өкілдері мен тұрғындар сусын бөтелкелерін әкеліп, тапсырды.
Кеншілер қаласында осындай бастама биыл тұңғыш рет қолға алынды. Риддерде өңірдің табиғатын көгалдандыруға, экожүйені жақсартуға бағытталған шаралар мұнымен шектелмек емес.