Бүгін Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тұрғындары көктемнің шуақты, ұлық мерекесі Әз-Наурызды кең ауқымда тойлады. Ауылдағы ағайын үшін ұлттық тағамдар дайындалып, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Орталық алаңға жиылған жұрт, мейрам көркін қыздырды. Киіз үйлер тігіліп, халыққа наурыз көже таратылды.

Бозанбай тұрғындары наурыздың келуін түйелі көшпен қарсы алды. Бұл – қазақ даласының ежелгі дәстүрлерінің бірі. Түйелі көш – Наурыздың бас символы болды. Мерекелік шараға ауыл тұрғындары тыңғылықты дайындалған. Мәселен, Бақытгүл Қанжархан мерекеге орай өзінің қолынан шыққан текемет, алаша, сырмақтарын ала келген.

Жиналған қауым ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Қой көтеру, ешкі көтеру, арқан тартудан өзара кім мықтыны анықтады. Ал көпшіліктің көңілін өзіне аударған бас сайыс – тай көтеру! Бұл шыдамдылық пен батылдықты сынайтын нағыз ауыл спорты! Бұдан бөлек, мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды.

Бұл күні дүбірлі той болды. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәнінің белгісіндей мейрамның салтанатын ашып, көрер көзді сүйсіндіреді. Дуылдасқан жұрт мерекелік көңіл-күймен араласып, бір-бірімен көрісіп, сәлемдесуде.

Шараға аудан әкімі Арман Бекбосынов та қатысты. Ол аудандағы мерекелік шаралар легі жалғасатынын айтты.

Күн мен түннің теңесетін табиғаттың ұлық мерекесін тойлаған жұрт, дүбірлі тойдың көңілден шыққанын айтады. Жасы да жасамысы да түгел жеті түрлі тағамнан жасалған көжеден дәм татып, мәз мейрам болысты.