«Қазақстан» телерадиокорпорациясы қазақтың ұлттық өнері топтасқан 6 бөлімнен тұратын «Асыл мұра» аудиожинағын көпшілік назарына ұсынды. Жоба «Ozen» музыкалық лейблымен бірге жүзеге асқан. Енді бұл жинаққа енген 1500 аудиошығарма әлемдік 100-ден аса музыкалық платформада қолжетімді.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесері өтті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші «Асыл мұра» аудиожинағының жарыққа шығуы және ұлттық саз өнері мұрасының әлемдік платформаларда қолжетімді болуы төл мәдениетіміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
Жинақтағы аудиошығармалар Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты 100-ден астам әлемдік жетекші музыкалық платформаларға және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына жүктелді. «Асыл мұра» жинағы әлемдік стримингтік платформаларға бір мезетте жүктелген аудиофайлдар көлемі бойынша отандық музыка тарихындағы ең ірі жоба. Бұл бастама «Ozen» музыкалық лейблімен бірлесе жүзеге асырылды.
Иә, «Асыл мұра» жинағына 20 мыңнан астам музыкалық аудиоконтент ішінен ең бағалы әрі көне 1500 аудиошығарма топтастырылды. Талай жыл бұрын жазылған мұраның техникалық сапасын арттыру мамандарға оңай болмады.
Жинақтағы ең көне туынды осыдан бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаевтың орындауында жазылып алынға «Балқадиша» әні. «Алтын қорда» бұл шығарманың 24 әнші орындаған нұсқасы сақталған екен. Оның ең көне түпнұсқасы жинаққа еніп қана қоймай, енді миллиондаған тыңдарманға интернет арқылы қолжетімді болып отыр.
Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханалар қорына, Өнер университеттерінің кітапханаларына табысталады. Ал өзге де тыңдармандар үшін сатылымға шығарылады.