Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Жуырда өткен Ұлттық құрылтайда да мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар берудің маңыздылығы айтылды. Осыған орай, Өскемен жылу-электр орталығында мектеп оқушылары білікті мамандармен кездесіп, ғимаратқа экскурсия жасады.
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Өскемен қалалық білім бөлімінің «Бейіндік мектебінің» 10-сынып оқушылары қатысты. Олар энергетика әлемі және станцияның жұмысы жайлы ақпарат алып, ой бөлісті.
Құрал-жабдық, технологиялар қанша озық болса да, оларды пайдаланудың сенімділігі сол жабдықтармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігіне байланысты, дейді мекеме инженері Жантөре Жаңғожа.
Өскемен ЖЭО – аймақтық маңызы бар кәсіпорын. Станция өндірген электр және жылу энергиясы қаланың тұрғын үй-коммуналдық секторының жүктемесінің 80%-ын қамтып, «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ сынды ірі өндіріс орындарын жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.