Биыл Жеңістің 80 жылдығы. Осы мерекені атап өту мақсатында жер жерлерде түрлі шаралар легі ұйымдастырылуда. Мәселен, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің қызметкерлері Отан соғысының ардагері Анастасия Светочеваның үйіне барып, сол жылдардағы белгілі әндерден шашу шашты.
Анастасия Светочева оқ оттай бораған соғыста әскери байланысшы болған. Жасы 100-ден асқан әженің қимылы ширақ, ойы сергек. «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежелі кавалері Анастасия Павловна өзін құттықтап келген офицерлерге ризашылығын білдірді.
Оркестрдің сүйемелдеуімен әскерилер соғыс жылдарындағы ең әсерлі әндердің бірі – Булат Окуджаваның «Бізге бір жеңіс керек» әнін шырқады. Бұл шығарма көптеген ұрпақ үшін ерлік пен қайтпас қайсарлықтың символы іспеттес.
Мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі, өскелең ұрпақ Отан үшін отқа түскен жауынгерлер ерлігін мәңгіге жадында сақтаулары тиіс.