Өскемендік спортшы Зейнеп Құмарқан Қытайдың Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында шорт-тректен күміс медаль иеленді. Сондай-ақ, Канаданың Калгари қаласында күміс және қола медальдарын қанжығалады. Облыс орталығындағы әуежайда жас спортшыны туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт басқармасының басшысы қарсы алды.
19 жастағы Зейнеп Құмарқан үш ай бойы халықаралық деңгейдегі бірнеше жарыстарда төбе көрсетті. Қытайдың Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында әйелдер құрамасымен бірге 3000 метрлік эстафетада күміс медаль иеленді. Ал Канаданың Калгари қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында әйелдер эстафетасында күміс, аралас эстафетада қола жүлде еншіледі.
Жас спортшының жаһандық жарыстардағы бұл алғашқы жеңісі емес. Өткен жылдың желтоқсанында Канададағы Квебек қаласында өткен Әлем кубогының кезеңінде аралас эстафетада және 500 м қашықтықта күміс жүлдеге ие болды.
Зейнеп конькимен кәсіби түрде айналысып жүргеніне 10 жыл болған. Оны бұл спортқа әкелген – нағашы атасы, ал шорт-трекке баулыған – әкесі.
Қазір Зейнеп Құмарқан – Қазақстан шорт-трек құрамасының болашағынан үміт күттіретін спортшыларының бірі. Енді ол Олимпиада ойындарына дайындықты бастап, лицензия үшін таласуға ниетті.