Зайсан әуежайында негізгі құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салу тапсырмасы аясында жүргізілуде. Көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы жаңа әуежай алаңында негізгі құрылыс жұмыстарының басталу барысымен танысты. Жобаға сәйкес әуежай Зайсан қаласынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан Сәтбай ауылының маңындағы бұрынғы әскери әуеайлақ базасында салынады. 184,5 гектар жерді алып жатқан учаске географиялық және метеолорогиялық жағдайды, сондай-ақ логистикалық қолжетімділікті ескере отырып таңдалды. Әуежайда алдағы уақытта кеңейту мүмкіндігімен ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Бұл әуежай аймағында Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір отандық әуе компания ATR-72 ұшақтарын сатып алу мәселесін пысықтауда.