Облыс орталығында «IQanat» республикалық олимпиадасының ІІ кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Шараға Шығыс Қазақстандағы ауыл мектептерінен 308 оқушы қатысты. Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен үздік шыққандар аймақтық кезеңде кім мықтыны анықтайды. Олимпиадада топ жарып, ірітеуден өткен балалар Бурабайдағы IQanat мектебіне оқуға түседі не IQ-IP интенсивті бағдарламасына қабылданады.

IQanat – қазақтандық кәсіпкерлердің ауыл оқушыларына сапалы білім алуына мүмкіндік сыйлайтын әлеуметтік білім беру жобасы. Елдегі ең дарынды әрі талантты балаларды іріктеу үшін республикалық олимпиада жыл сайын ұйымдастырылады. Республика аумағында олимпиаданың ІІ турына 10 мыңға жуық бала қатысса, бұған дейінгі кезеңде 50 мыңнан астам бала өз білімдерін бәйгеге салған болатын.

Олимпиаданың облыстық кезеңінде жобаны жалғастыратын және өзара арнайы жүлделер үшін бәсекеге түсетін 1000 финалист анықталмақ. Финалдық кезеңге жеткен жоба қатысушылары Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ оқушылар алдағы үш жылда арнайы қолдау бағдарламасы аясында ҰБТ, халықаралық емтихандарға дайындық, ағылшын тілін, ІТ дағдыларын, soft skills және кәсіпкерлік негіздерін меңгереді.

Бүгінде 3700-ден астам ауыл оқушысы «IQanat» бағдарламаларымен қамтылған. Жобада білім алушылардың басым бөлігі көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан.

 «IQanat» республикалық олимпиадасының іріктеу кезеңдеріне 70-тен астам жоба түлегі волонтерлік қызмет етуде. Олардың қатарында өткен жылғы олимпиаданың ақтық сынына жетіп, енді өз өңіріндегі балаларға көмектескісі келетін мектеп оқушылары да бар.

Ауылдан арманға аттанған «IQanat»-тық әрбір оқушының білім жолында шыңдалуына елдегі кәсіпкерлер қолдау көрсетеді. Қамқоршылардың арасында елдегі танымал 160-тан астам кәсіпкер, қазақстандық ірі және орта бизнес өкілдері де бар.