С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да биылғы оқу жылының түлектері үшін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шарада Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы және Еңбек ұтқырлығы орталығының мамандары студенттер мен жас мамандарға қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берді.

Шараға С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 4 курс студенттері және өңірдегі ірі кәсіпорындар мен 200-ге тарта жұмыс беруші қатысты. Жәрмеңкеде ұсынылған жұмыс орындарының ауқымы кең болды. Жоғарғы оқу орыны мен жұмыс берушілер арасында студенттерді жұмысқа орналастыру жөніндегі келісімге қол қойылды.

Биыл С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантпен білім алған 667 студент қолына диплом алады.

Ресми жұмыс берушілерден бөлек, электронды еңбек платформасында ұсынылған 1600-ге жуық бос жұмыс орны да болашақ мамандардың назарына ұсынылды. Осымен жетінші рет өтіп жатқан бұл шара жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында байланыс орнатуға бағытталған.

Шара барысында жұмыс берушілер өз жобаларын таныстырып қана қоймай, түлектерге нақты ұсыныстар да жасады. Сонымен қатар жас мамандарды тәжірибеден өтуге шақырған кәсіпорындар да көп болды.