Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынуда. Өңірде соңғы уақытта қырыққабат, қант және сиыр еті қымбаттаған. Мамандардың айтуынша, бұл жағдайға маусымдық өзгерістер, тасымалдау шығындарының көбеюі және өндіріс көлемінің азаюы себеп болған. Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында бірнеше шара қолға алынуда. Картоп бағасының күрт қымбаттауына байланысты «Алтай» көтерме-үлестіру орталығына 175 тонна картоп жеткізіліп, 245-260 теңге аралығында сатылымға шығарылған. Бүгінде оның 75 тоннасы саудада. Сонымен қатар, Өскемендегі ірі сауда желілері және дүкендермен келісім жасалды. Соған сәйкес картопқа қосылатын үстеме баға 15%-дан аспауы керек.

Көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңге қаражат бөлінген. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 1,1 млрд теңге көлемінде несие бөліп, сауда желілері арқылы бағаны реттеуге үлес қосуда. Қазіргі таңда әлеуметтік дүкендерде картоптың бір келісі 130 теңге. Сәбіз бен қырыққабат – 120 теңгеден сатылуда.

Өңірде тексеру комиссиясы 86 заңбұзушылық анықтап, олардың 82-сі расталған. Сауда үстемесін негізсіз көтерген 49 кәсіпкерге қатысты іс қозғалды. Ал баға көрсеткіштері болмаған 33 дүкенге айыппұл салынды. Сала мамандары азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тиімді тәсілдерінің бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жиі өткізу дейді. Биыл өңірде 160 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда жалпы құны 563,3 миллион теңгені құрайтын өнім саудаланған.