Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Ахмер кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жиында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Кездесу барысында кент тұрғындары бірқатар өзекті мәселені көтерді. Олардың қатарында қоқыс, жол, жарық, интернет және әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты сұрақтар бар. Қала әкімі тиісті мекемелерге қоқысты уақытылы шығару мен санитарлық жағдайды жақсартуды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Биыл кентте екі балалар ойын алаңы салынып, жаңа аялдамалар орнатылады. Жол инфрақұрылымы да басты назарда. Әсіресе, қыста тұрғындар үшін діттеген жерге жету мұң.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – көше жарығы. 2025 жылы жарықтандыру жүйесін жаңғырту жоспарланған. Жаңа жоба бойынша электр желілері автоматтандырылған тарату қалқандарына қосылып, олар заманауи қорғаныс және басқару жүйелерімен жабдықталатын болады. Бұдан бөлек қала әкімі тиісті бөлімдерге жол жамылғысының жағдайын жан-жақты қарап, оларды алдағы жылдардың жұмыс жоспарына енгізуді тапсырды. Биыл бірнеше көшеде қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, бір көшеге асфалт төселеді.

Бұдан бөлек саяжай тұрғындарының да мәселесі назардан тыс қалмады. Қала әкімі жауаптыларға нақты тапсырма беріп, әр меселенің шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Тұрғындардың барлық өтініштері бақылауға алынады. Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп тұрады.