Облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдардағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі - «Ауылым - алтын бесігім» бағдарламасы. Оның шарапатын көріп отырғандар қаншама. Мәселен, Күршім ауданында осыдан екі жыл бұрын ашылған жабық бассейн дәл осы бағдарлама аясында іске қосылған болатын. Бүгінде ауыл балалары кешенде суда жүзу спортын дамытып, толағай табыстарға жетуде.
Нұрәлі Қуанышев суда жүзуден бірнеше жарыс жүлдегері. Бассейн ашылғалы осында шынығады. Болашаққа деген жоспары айқын. Биіктен көрінгісі келеді.
Аудандық көпсалалы балалар - жасөспірімдер спорт мектебі осы сынды жарыстарды жиі ұйымдастырады. Себебі, суда жүзу спортымен шұғылданатындардың шынығуына және бір-бірімен достық қарым-қатынасты нығайтуға септігі мол.
2023 жылы пайдалануға берілген бассейнге 60 жуық бала қатысады. Олардың тең жартысы қыздар. Екі жаттықтырушы мен екі нұсқаушы жас ерекшеліктеріне қарай балаларға суға жүзуді үйретеді.
Жабық бассейнде оқушылар қыркүйектен бастап маусым айына дейін шынығады. Жазғы демалыста мұнда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіледі.