Өскеменде жаңа жылу қазандығы салынады. Бұл бастама тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатныда іске асырылуда. Жалпы аймақтағы энергетика және ТҮКШ саласында атқарылатын шаралар легі ауқымды. Бұл туралы бүгін салалық басқарма басшысы брифинг барысында мәлімдеді.

Аймақтағы жылыту маусымы ойдағыдай өтіп жатыр. Бұл — алдын ала жасалған дайындықтың нәтижесі дейді сала мамандары. Өңірде 68,5 шақырым жылу желісі жаңартылып, 13,3 шақырым сумен жабдықтау және 53 шақырым су бұру желілері жөндеуден өткен. Өскемен мен Риддер қалаларындағы үш жылыту қазандығына 14,4 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. 18 қазандық пен 13 турбина жаңартылған. Нәтижесінде жабдықтардың тозуы 3,7 пайызға төмендеді. 2025 жылға қосымша 6 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Өңірде 2030 жылға дейін электр қуатын 595 мегаватқа, жылу қуатын 1214 гигакалорияға арттыру жоспарланған. Басты жоба — Өскемендегі жаңа ЖЭО құрылысы. Бұдан бөлек, Катонқарағай, Зайсан, Марқакөл мен Алтай аудандарында жалпы қуаты 93 мегаватты құрайтын 6 шағын су электр станциясы салынбақ. Бұл шаралар өңірдегі жылуды тұтыну көрсеткіші артуына байланысты қолға алынып отыр.