Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып өтеді. Осы мереке аясында республика көлемінде «Еңбек жолы» байқауы ұйымдастырылып, түрлі саладағы үздік еңбек династиялары мен мамандар марапатталады. Облыс орталығында да «Адал азамат - адал еңбек» атты салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қатысып, адал еңбектің ел дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Шара барысында «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, оларға құрмет көрсетілді.
Ел игілігі жолындағы адал еңбек пен төгілген тердің бағалануы - әрбір еңбек адамы үшін үлкен мәртебе. Соңғы жылдары мерекелер аясында еңбеккерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналды. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, «Адал азамат - адал еңбек» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Игі шарада облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін атап өтіп, бір топ маманға алғыс хат табыс етті.
Дархан Сапанов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл мереке күнделікті қажырлы еңбегімен еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарына ұлықтайтын ерекше күн. Әр азамат еңбектің қадірін түсініп, адал еңбек етсе еліміз алға басады дамиды. Сондықтан адал еңбек етіп, адал табыс табу қағидасын жас ұрпақтык санасына сіңіру аса маңызды міндеті.
Шара аясында «Еңбек жолы» конкурсының облыстық кезеңінің үздіктері марапатталды. «Үздік еңбек династиясы» аталымында бірінші орынды металлургия саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан отбасы иеленді. Олардың әулетіндегі 32 адамның «Казцинк» ЖШС жалпы еңбек өтілі 650 жылды құрайды.
Наталья Кирсантова, «Казцинк» ЖШС қызметкері:
Біз жұмыс істейтін кәсіпорнымызға және осы үлкен шараны ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыс айтамыз. Еңбек біз үшін тек кәсіп емес, ол - өміріміздің мәні, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл құндылық. Бүгінгі жеңіс бүкіл династиямыздың еңбегіне берілген әділ баға деп білеміз. Бізді бірінші орынға лайық деп қолдағандарыңыз үшін үлкен рақмет!
Бұдан бөлек, «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясында Марқакөл ауданының азаматы жеңімпаз атанды.
Дүйсенбек Қалибеков, «Ислам» ЖК жетекшісі:
Парыз номинациясына қатысып біз жүлделі болып жатқанымызға көптен көп рақмет. Осындай сіздер біздің еңбегімізді елеп ескеріп бізге қуанышты күнбер сыйлап осындай керемет концерт ұйымдастырған облыс басшысына, аудан басшылықтарына көптен көп рақмет айтамыз.
«Адал азамат - адал еңбек» шарасы өңірдегі еңбек адамдарына деген құрметтің айқын көрінісі. Жеңімпаздарға берілген марапаттар - олардың көп жылғы еңбегіне берілген әділ баға. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасып, еңбек адамының абыройын асқақтатары сөзсіз.
Бекарыс Секен