Аймақтағы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң талаптарын бұзғаны үшін тоғыз ұйымды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы сала мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ өкілдерінің айтуынша, 2009 жылдан бастап былтырға дейін жалпы құны 3,1 триллион теңге болатын құрылыс жобалары жүзеге асырылған. Бұл 212 мыңнан астам пәтер мен 16,4 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік берген. Ал былтыр ҚТК-ның үлесі республика бойынша салынған барлық көппәтерлі үйлердің 26 пайызына жеткен.
Елдан Әлібеков, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарушы директоры:
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ үш бағыт бойынша қолдау көрсетеді: бірінші, үлескерлік құрылысқа кепілдік беру. Бұл механизм арқылы азаматтардың қаражаты 100% қорғалады. Екінші, құрылысшыға 0% немесе жеңілдетілген пайызбен несие ұсынылады. Үшінші, сатып алу құқығымен жалға беру. Сондай-ақ, «Отбасы банк» бірлесіп іске асырған «Орда Аймақ» ипотекалық өнімі аясында азаматтар 2 миллионнан 75 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
Биыл 30 маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістер құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды жеңілдетті. Бұрын кемінде 3 жылдық тәжірибе талап етілсе, енді бұл мерзім 2 жылға қысқартылды.
Самат Қайырдинов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Тұрғын үй құрылысының үлестік заңның талаптарына тоқтала кетсек тұрғын үй құрылысының монтаждау жұмыстары кезінде үлескерлердің қаражатын құрылысқа тарту заң талаптарына сәйкес, 3 түрлі жүзеге асырылады. Бірінші ТЖК кепілдендіру. Екінші каркас жұмысы аяқталғаннан кейін әкімшіліктің рұқсаттамасы. Үшінші, екінші деңгейдегі банктердің құрылысқа қатысуы. Бұл жағдайда әкімшіліктің рұқсаттамасы қажет болады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 9 құрылыс ұйымының заң талаптарын бұзғанын анықтады. Оларға әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек, интернет кеңістігінде рұқсатсыз пәтер сату бойынша жарнама жариялаған 7 тұрғын үй кешені тіркелді.
Самат Қайырдинов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Заңды бұзу бойынша, Өскемен қаласының сәулет бөліміне тиісті хаттар жолданды. Қазір бұл бөлім прокуратурамен бірлесіп, пәтерлердің жарнамасын тоқтату бойынша сотқа талап-арыздар дайындап жатыр. Атап айтқанда, қала аумағында заңсыз жарнамаланған тұрғын үй кешендері қатарында «Muztau», «Park Line», «Grant Residence», «Asyl Tay», «Riverside», «Renesans 3» және «Viva Park» кешендері бар. Қазіргі уақытта «Viva Park» тұрғын үй кешені бойынша соттың бірінші инстанциясы пәтер сату туралы жарнамаға тыйым салу туралы шешім шығарды.
Бұдан бөлек, қалада екі проблемалық құрылыс нысаны бар екені айтылды. Ол «Emeralds» және «Astoria» тұрғын үй кешендері. Бірінші аталған нысан бойынша «Royal Finance Group» ЖШС басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. 106 үлескер шығынға ұшырап, құрылыс тоқтап тұр. Екінші проблемалық нысан – «Astoria» тұрғын үй кешені. 36 үлескер зардап шеккен. Сала мамандары пәтер сатып алу кезінде маркетингтің құрбаны болмас үшін, құрылыс компаниясын толық зерттеп, әкімшілік тарапынан үлескерлікке рұқсат бар жоғын анықтап алуға кеңес береді. ҚТК ұсынған барлық бағдарламаларға қатысу үшін азаматтар homeportal.kz сайты арқылы өтінім бере алады. Ал толық ақпарат mitwork.kz порталында жарияланған.
Қымбат Иманғали