Келер жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді.Осылайша салық есептілігі 30 пайызға қысқартылып, берешекті өндіру, мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетілді. Ал кәсіпкерлерге қатысты қандай өзгерістер бар? Тілші тарқатсын.
Кодекстегі жаңартулар процестерді цифрландырып, кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталды. 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16%, міндетті тіркеу үшін шекті мөлшер – 10 000 АЕК құрайды. Медициналық қызметтерге, дәрі-дәрмекке және медициналық бұйымдарға 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% төмендетілген мөлшерлеме енгізілді.
Қазыбек Қойшинов, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
Бізде тек қана жеңілдіктер ғана емес, қосылған құн салығының 20-25 пайызға дейін кейбір жеке салық төлеушілерге арнайы көтерілген банк сферасында жұмыс атқаратындарға және де қосылған құн салығы 12-16 пайызға ұлғайып отыр.
Ішкі туризм, отандық кітаптарды басып шығару, археологиялық жұмыстар тізбесі қосымша құн салығынан босатылды. Экспорттық айналым күнін анықтап, қосымша құн салығын қайтару тәртібі жеңілдетіліп, тексеру жүргізу мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап резидент емес қызметтер бойынша шот-фактуралардың міндетті көшірмесі енгізілді. Бұл салық есептілігін толтыруды автоматтандыруға жол ашып отыр. Жаңа акциздік өнімдерге энергетикалық сусындар да қосылды.
Асхат Жібітаев, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы:
Акциздің салықтық мөлшерлемелері жыл өте өзгеріп отырады. Ол дегеніміз литрі 100тг-ден бастап, 240тг-ге дейін өсетін болады.
Бағасы қымбат тұратын көліктер мен әуе құралдарын сатып алған жағдайда 10%-ы акциздік төлем ретінде қосымша төленеді. Ал лицензиялық төлем мөлшері қысқартылады. Яғни сіз лицензияны алар кезде бірреттік төлем жасайсыз, ал қалған жылдық төлемдердің мөлшері қысқарады.
Аяулым Усинова