Облыста балық өсіретін шаруашылықтар саны артып келеді. 2030 жылға қарай өңірде 10 мың тоннаға жуық тауарлық балық өндіру жоспарланды. Оның ішінде албырт, тұқы бекіре тұқымдас балықтар бар. Әсіресе, су айдындарындағы балық қорын молайту жұмыстары жүргізілді. Биыл албырт тұқымдас балықтың көлемін арттыру үшін Бұқтырма су қоймасында 5 учаске бекітілді.

9 айда 1 310 тонна балық өсірілді. Тауарлы балық өсіру көлемі де артып келеді. Облыс әкімдігі кәсіпорындарға белсенді мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. 130 млн теңгеден астам сомаға субсидия берілді. Бүгінде субсидияларды беруде балық жемі мен шабақтарын, дәрі-дәрмектерді сатып алуға басымдық беріліп отыр. Облыста «ШығысУниверсал» және «Гранд Фиш» ЖШС-нің бақтақ уылдырығы мен шабағын өндіретін инкубациялық цехтары бар. Өткен жылы мұнда 2,3 млн дана шабақ өндірілді. Ал биыл бекіре тұқымдастарынан «ОстФиш» ЖШС өндірістегі уылдырықтан 250 мың дана бекіре шабағын инкубациялады. Жылдық қуаты – 500 мың дана. Салаға жауаптылар балықтың сапалы өсуі мен өнімнің артуны жемнің рөлі айрықша екендігін айтады. 2030 жылға қарай салаға шамамен 15 мың тонна жем мен 16 млн дана балық шабағы қажет.

Мерхат Әміров, Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Форель балығына , бекіре балықтарына бізде шетелден әкелінген жем беріледі. Бұл Польша мен Турциядан әкелінетін жемдер. Бірінші мәселесі оның технологиясы мен ингредиенттері біздің елімізде жоқ болғандықтан шетелден енгізілетін болады. Ал тұқы балықтарының жемі осы біздегі жергілікті жем өңдейтін зауыттардан алынады және дайындалады.

Соңғы төрт жылда 6,2 тонна шабақ өсірілді. Биыл 2 302 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланды. Қазір аймақтағы балық өсіру кешендері заманауи жабдықтармен қамтылған. Қолайлы жағдай жасау арқылы балықтың өсу қарқынын 2 есеге дейін арттыра аламыз дейді мамандар. Биыл аквамәдениет туралы заң 12 маусымда қабылданғандығын айтып өткен жөн. Заң балық өсіруден бастап су жануарларын көбейту, тоған шаруашылығы, тордағы балық өсіру сынды барлық қызмет түрлерін қамтыды.

Талғат Рахимжанов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

Заңның қабылдау себебі бізде балық шаруашылығмен айналысатын субьектілерге , кәсіпкерлерге қолдау. Аквакультурамен айналысамын деген адамдарға көлдерді бекітіп беру талаптары бекітілді. Бір жергілікті маңызы бар су қоймасын бекітіп алудың бірінші түрі ол көлдің маңайындағы жерлер субьектілерге бекітілсе конкурссыз келісім шарт жасау арқылы бере саламыз.

Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқарады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Ел Үкіметі қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылы балық шаруашылығын дамыту шараларына жалпы көлемі 449 млн. теңге субсидия берілді, оның ішінде 25 млн. теңге – инвестициялық субсидиялар, 424 млн. теңге – акваөсіруді қолдауға бағытталды. Балық шаруашылығының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ экономикасына оң серпін беріп отыр.

                 Аяулым Усинова