Елдің өнеркәсіп және құрылыс вице – министрі Иран Шархан, ҚР экология және табиғи ресурстар вице – министрі Жомарт Әлиев жұмыс сапарымен шығысқа келді. Министрлік өкілдері өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында талқыға түскен мәселелер жайлы тілші сюжетінде.
Кездесуге келген халықтың қарасы қалың. Вице-министрлер әр тұрғынның сұрағын мұқият тыңдап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерге жауап берді. Күн тәртібінде өнеркәсіп, құрылыс пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, геология мен жер қойнауын пайдалану салаларына қатысты сауалдар қаралды.
Иран Шархан, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице – министрі:
Бүгін өте өзекті мәселелер талқыланды. Проблемалық мәселелер анықталды. Осы кездесу барысында барлық мәселелер тиісті хаттамаға кірген. Өзіміздің бақылауымызға алынатын болады. ШҚО табиғатқа да бай. Біздің пайдалы қазбаларға да бай. Осы сала бойынша ШҚО көшбасшы болып табылады. ШҚ өңірінде 300 –ге жуық жер қойнауын пайдаланушы бар. Өте экономикаға жақсы әсер ететін сала.
Жиында тұрғындар экологиялық мәселелерге қатысты өздерін толғандырған бірнеше сұрақтарын қойды. Оның ішінде ауаның ластануы, су ресурстарын қорғау сынды тақырыптар талқыланды.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице - министрі:
Шығыс Қазақстан облысына Президент әкімшілігі мен Үкімет аппаратының тапсырмасы бойынша келіп отырмыз. Сапарымыздың мақсаты – орталық мемлекеттік органдардың басшылары аймақтарға шығып, қоғамдық ұйым, үкіметтік емес ұйым, белсенділермен кездесіп, салаға қатысты мәселелерді талқылау. Әсіресе экология мәселелері, қоршаған ортаны қорғау жағдайы назардан тыс қалмайды. Біз кездесуде экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шараларды да айта кеттік. Аймақтардағы экологиямен байланысты проблемаларды тиімді шешу үшін барлығын қолдан келгенше жасаймыз. Бұл міндет барлық мемлекеттік органдарға жүктелген.
Брифингтен соң вице-министрлер азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.
Гүлдана Айдарқызы