Самар ауданында ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Марапаттау рәсімінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек озаттары арнайы марапатқа ие болды.

Ауданының әкімшілік ғимаратында өткен шараға ауылшаруашылығы саласының ардагерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, механизаторлар мен жеке кәсіпкерлер жиналды. 2017 жылдан бері ресми түрде аталып өтетін бұл мереке – жерді баптап, ел ырысын еселеп отырған ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету күні. Аудан әкімінің құттықтауынан кейін марапаттау рәсімі басталып, егін даласында, қожалықтар мен кәсіпорындарда табанды еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды. Олардың қатарында «Мәмбет», «Жолан», «Салтанат», «Нұр Агро» сынды бірқатар шаруа қожалықтарының өкілдері бар.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Біз бүгін Самар ауданында ауыл шаруашылығы қазметкерлері күнімен құттықтадық. Бізде биылғы жетістіктеріміз жақсы. Біздің басты байлығымыз да, экономикамыздың қозғау күші де осы. Сондықтан да дәстүрлі түрде біз жыл сайын құттықтаймыз. Биылғы жетістіктеріміз мол, көп. Ары қарай Президент айтып отырған тапсырмаларды, инвестиция тарту бойынша, сол бойынша біраз нәрселерді бүгін талқыладық. Соны іске асырудамыз.

Марапат иелерінің арасында механизаторлардан бастап, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшыларына дейін бар. Олар — ауданның аграрлық әлеуетін нығайтып, өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған азаматтар. Жеке кәсіпкерлер де ауылдың әлеуметтік жағдайын арттыру жолында тер төгіп келеді.

Марат Құмаров, «ЕҢБЕК-АГРО» ЖШС директоры:

Құрметті ауылдастар, Құрметті ағайын-туғандар бүгін ауыл шаруашылығы күні. Соған орай құттықтай отырып, әр халыққа тілейтінім зор денсаулық, жұмыста үлкен табыс, ауданымыз өркендеп өсе берсін.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Жергілікті өнерпаздар еңбек адамдарына арнап әсем ән шырқады. Шараға қатысқандар бұл күннің ауыл еңбеккерлері үшін ерекше мәнге ие екенін айтады. Себебі, олардың маусым бойы төккен маңдай терін бағалап, қоғам алдындағы еңбектерін атап өту — игі дәстүрге айналған.

Сәния Нұрпейісова, «SUNAGRO-NS» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы:

Биыл бидай мен күнбағысты орташа деңгейде жинадық деуге болады. Иә, бұл салада жұмыс істеу оңай емес, бірақ біртіндеп үйреніп келемін. Қазіргі кезде біліктілігімді арттырудамын. Барлық ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Ең бастысы – дендеріңізге саулық, таусылмас қуат тілеймін.

Атаулы күн Самар ауданында жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Бұл жолы да аудан еңбеккерлерінің еңбегі лайықты бағаланды.

Талант Тұрсынов