Ұлан ауданда дәстүрлі әкім шыршасы өтті. Шараға 100-ге жуық оқушы қатысты. Әр ауылдық округтен келген балаларға түрлі тәттілер таратылып жаңа жылдық қойылым көрсетілді. Мерекеге арнайы шақырылғандар қатарында көпбалалы және әлеуметтік осал топ санатындағылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен оқу үлгерімімен көзге түскен үздік оқушылар қатысты.

Мерекелік жиында балаларға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен ойын-сауық шаралары өтті. Шараға аудан әкімі Арман Бекбосынов арнайы келіп, балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй мен жылы лебізін білдіріп, сый-сиапаттарын тарту етті.

Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:

Еңбектің арқасында сіздер ертең мына апайлар сияқты артист, мықты спортсмен, атақты академик боласыңдар. Ол үшін оқу керексіздер. Сондықтан мектеп директоры, мұғалімдер бар сол кісілерді тыңдап, сабақтарыңды үлгілі оқып, ата-аналарыңды тыңдап, одан басқа не керек сіздерге? Үкімет атынан мектептер салынып жатыр, осындай керемет ғимараттар салынып жатыр.