Аймақта үш жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Глубокое және Шемонаиха аудандарында ашылған орталық 4,5 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Глубокое ауданындағы Тарханка ауылында ашылған бекет бірден үш елді мекенге – Тарханка, Винное және Веселое ауылдарына қызмет көрсетеді. Бұл аумақта 3 мыңнан астам адам тұрады. Ауылдық жерлерде төтенше жағдайға жедел әрекет ету ерекше маңызды. Қашықтық пен ауа райының қолайсыздығы кейде құтқару жұмыстарын қиындатады. Сондықтан өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту – уақыт талабы.

Эльдар Тумашинов, Глубокое ауданының әкімі:

Құрметті жерлестер! Жаңа жыл қарсаңында қуанышты жаңалықпен бөлісіп отырмыз. Тарханка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – ауданда жоспарланған алты бекеттің екіншісі. Алғашқысы Секисовкада іске қосылған болатын. Алдағы уақытта тағы төрт ауылдық округ осындай бекеттермен қамтылады. Ең бастысы – өрт кезінде әрекет ету уақыты айтарлықтай қысқарады.

Жоба Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Шағын елді мекенде өрт сөндіру бекетінің болуы – тұрғындар үшін қауіпсіздік кепілі. Арнайы техника мен даярланған мамандардың жақын жерде орналасуы кез келген қатерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

Қанат Юсупов, Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер:

Бұл бекет елді мекен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ашылды. Ғимаратқа өз қаражаты есебімізден косметикалық жөндеу жұмыстарын және техникамен қамтамасыз еттік.

Шемонаиха ауданында тағы екі өрт сөндіру бекеті – Қызыл Шемонаиха мен Сугатовка ауылдарында ашылды. Олардың қарамағында Қызыл Шемонаиха, Ақтас, Сугатовка, Горкуново және Кенюхово елді мекендері бар. Бұл ауылдарда жалпы саны 1,5 мыңнан астам адам тұрады. Жаңа бекеттер тәулік бойы кезекшілік атқаруға арналған барлық қажетті жағдаймен жабдықталған. Құтқару құралдары, байланыс жүйелері және жеке құрамға арналған толық жарақ бар. Ашылу рәсіміне ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, облыстық ТЖД басшылық құрамы, төтенше қызмет өкілдері, аудан әкімдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттерінің желісін кеңейту жұмыстары өңірдің басқа да елді мекендерінде жалғасын табады.

Қымбат Иманғали