Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты Қазақстанда мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын айқын көрсетті. Мемлекет басшысы басты назарды жүргізіліп жатқан реформалардың қайтымсыздығына аударып, бұл өзгерістер жекелеген салаларды ғана емес, тұтас мемлекеттік жүйені қамтитынын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі міндет — болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды әрі жүйелі реформаларды табандылықпен жалғастыру. Осы ретте Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерге арнайы үндеу жасап, қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсуге болмайтынын қадап айтты. Керісінше, оң серпінді сақтап, әлі де шешімін күткен мәселелерге басымдық беру қажет.
Президент сұхбатта мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың шешуші бағыттарының бірі ретінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, заманауи технологияларды енгізу басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын барынша жеңілдетуге тиіс. Бұл – бюрократиялық кедергілерді азайтып, шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Рауан Сләмхан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Қазақстанның бұл салада бастапқы мүмкіндіктері де, нақты нәтижелері де бар. Мысалы, мемлекеттік қызметтерде, финтехта және экономиканың бірқатар салаларында цифрландырудың ілгерілеуі байқалады. Үкіметтің жуырдағы отырысында атап өтілгендей, жасанды интеллектіні енгізу азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін едәуір жеңілдетеді. Атап айтқанда, Жасанды интеллект министрлігі әзірлеген және қазір сынақтан өтіп жатқан платформасы бір цифрлық жүйе аясында мемлекеттік қызметтерді толық циклде — өтініш беруден бастап соңғы нәтижеге дейін — алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сұхбатта сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде тағы да нақты аталды. Президент бұл бағытта алдын алу шараларына және ағартушылық жұмыстарға ерекше мән берілетінін жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті ерте жастан қалыптасуы тиіс. Бұл үдерісте білім беру ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен отбасының рөлі маңызды. Былтыр мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындысы бойынша 1 сұрақ және мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңбұзушылықтардың профилактикасы бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері бойынша 7 сұрақ қаралған.
Қымбат Иманғали