Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында алдағы конституциялық реформалардың елдің болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін айтты. Осылайша, Қазақстан дамудың жаңа белесіне қадам басты. Елдің өркендеуіне серпін беретін бұл бастамалар шығыстағы ағайынның тарапынан кең қолдау тауып отыр.
Жыл сайын жол-көлік оқиғасының салдарынан мыңдаған адам қаза табады. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мәселе және оған басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі екенін атап өтті. Еліміздегі автокөлік саны өткен жылдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейген. Бұдан бөлек, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол-көлік оқиғаларының да саны артып келеді. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын күшейтті.
Мейрамбек Құрманғалиев, Өскемен қ. ПБ ППБ взвод командирі:
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түкістан» газетіне берген сұхбатында атап өткендей автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат саны да арта түседі. Дегенмен, құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырып келеміз. Мәселен, инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды. Жүргізушілерге баса айтқымыз келетіні қарапайым ғана жол жүру ережелерін қатаң сақтаса екен дейміз. Бұл өзіңіздің ғана емес, өзгенің де өмірін сақтап қалуға ықпал етеді. Кейбір дамыған елдерде көлік апаттарының алдын алу үшін жаңа тұжырымдама енгізіліп жатыр. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұсталып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан жол ережесін сақтауға тиіс.
Мемлекет басшысының мақаласына шығыстағы сала мамандары қолдау білдіріп, оның негізгі бағыттарымен толық келісетіндерін атап өтті. Өңірдегі азаматтары ел дамуына өз үлестерін қосып, аянбай еңбек етпек.
Сая Жарасқызы