Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жұмыс сапарымен Зайсан ауданына барып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан әуежайдың құрылыс барысымен танысты. Жобаны іске асыру кестеге сай жүргізіліп жатыр. Жаңа әуежайдың құрылысы 65% аяқталған. Бұл жұмысқа 200-ден астам маман тартылған. Бастаманың жүзеге асуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, Зайсан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.

Жаңа әуежай іске қосылған соң, аудан тұрғындары үшін әуе қатынасы қолжетімді болып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі. Әуе айлағының ұшу-қону жолағы 2200 метр, нысанның жалпы аумағы төрт мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс жоспарына сәйкес, төрт әуе кемесіне арналған перрон, авариялық-құтқару қызметі, диспетчерлік басқару пункті, ауа райын болжау станциясы мен әуе кемелерінің қозғалысын реттейтін орталық салу көзделген.Облыс әкімі құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше назар аударып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырма жүктеді. Әуежай жұмысы басталған соң Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай өңіріне және Қанас көліне халықаралық әуе қатынасын іске қосу көзделген. Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Өскемен бағыттарына тұрақты ішкі рейстер ұйымдастырылмақ. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72 сынды әуе лайнерлері мен осы санаттағы басқа да ұшақтарды қабылдай алады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі күні жұмыстың 65 пайыз жұмысы аяқталған. Ұшу-қону жолағы толық біткен. Бұрылу жолағы барлығы біткен. Қазіргі таңда терминал, басқа да қосалқы нысандар бойынша жұмыстар жүргізілуде.Биыл мамыр-маусым айларында бұл әуежайды толығымен іске қосып, орта самолеттерді қабылдау басталады.

Әуе айлағынан кейін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына қарасты Жарсу және Айнабұлақ ауылдарындағы жаңа спорт модулінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл балалары мен жастар енді заман талабына сай жабдықталған кешенде тұрақты түрде жаттығу жасауға мүмкіндік алды.Берекесі мен бірлігі жарасқан Жарсу азаматтарының айтуынша, бұл нысан ауылда бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жарсу ауылындағы мектеп жанында арнайы осы модулді салып отырмыз. Күндізгі уақытта мұнда дене шынықтыру сабағы шұғылданады. Спорт ғимараты барлығымызға құтты болсын.Осы ауылдан чемпиондар, бастысы денсаулығы мықты, ой-өрісі жоғары жан-жақты, білікті-білімді азаматтар, еңбекқор балаларымыз шыға берсін.

Нысан бір ауысымда 28 адамды қабылдай алады. Жалпы күніне 80-нен астам оқушы мен ауыл жастары спортпен шұғылдануы үшін бар жағдай жасалған. Киім ауыстыратын және жуынатын бөлме, санитарлық тораптар қарастырылған. Алты азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.

Дәулетбек Қатарбаев, Жарсу ауылының тұрғыны:

Ауылымызға зәулім сарай, модуль салғаныны үшін ҚР Президентіне, облыс әкіміне, аудан әкіміне рахмет айтқым келіп тұр. Депутаттар келіп жатыр. Соларға да рахмет. Түсімізге кірмеген зәулім сарай салып берді.Сондықтан ауыл халқы атынан барлықтарыңызға рахмет айтамын.

Ерғазы Туғанбаев, Жарсу ауылының тұрғыны:

Соңғы кезде ауылымызға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Ауылымыз көркейіп келеді. Амбулатория салып берді. Енді міне спорт модулін салып беріп отыр. Осының барлығына рахмет.

Айнабұлақтағы ағайынның да қуанышында шек жоқ. Құрылыс жұмыстарын сапалы іске асырып, бір жыл ішінде екі нысанды қолданысқа берген «СМУ-Шығыс» ЖШС ұжымына, аймақ басшысына алғыс білдірді.

Шілікті ауылына интернет желісі тартылды.1500-ге жуық тұрғыны бар елді мекен үшін бұл — маңызды қадам.Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров барды. Интернеттің іске қосылуы білім алу, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік, кәсіпкерлікті дамыту және байланыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Амангелді Рахимов, Шілікті ауылының тұрғыны:

Интернетті көптен бері армандағанбыз. Халық қуанып жатыр, мектептегі оқушыларда. Қарапайым халықта барлығы қуанып жатыр. Қызметтегілердің барлығы интернет келді деп.

Инфрақұрылымды дамыту – өңірлердің тұрақты өсімі мен ауыл өмірінің сапасын жақсартудың негізгі факторы. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шекаралық аумақтарды интернет желісімен қамту жұмыстары 2026-2027 жылдар аралығында іске асырылатынын айтты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл қондырғылар шын мәнінде, ең алдымен білісге үлкен жол. Балалрымыз мектепте интернет арқылы ғылымға, білімге қол жеткізе алады. Сондықтан осы цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні үш жылда біз осындай елге айналуымыз керек деп президентіміз тапсырма қойып отыр. Осы тапсырма облысымызда толық орындалады деп сенімді айтуға болады. Таулы аймақтарда орналасқан шалғай ауылдар, 66 ауыл 2026-2027 жылдар аралығында толық интернетпен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта өңірде осындай үлгідегі 14 антенна-діңгекті мұнара жұмыс істеп тұр. Соның арқасында облыстағы ауылдардың 98 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.

Қуаныш Амантайұлы