Бүгінде құқықтық мәдениет қалыптастыру – қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі. Заң талаптарын білу ғана емес, оны күнделікті өмірде сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Осы бағытта өңірде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында түрлі алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ ұжымы мен құқық қорғау органдарының өкілдері кездесу өткізді. Шараға прокуратура қызметкерлері, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және полиция органдарының өкілдері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – еңбек ұжымына қазіргі қоғамда жиі тіркеліп жүрген құқықбұзушылық түрлері туралы кең көлемде ақпарат беру және олардың алдын алу жолдарын түсіндіру.

Темірлан Базылханов, облыстық жастар ресурстық орталығының бас маманы:

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында өткізіліп жатқан екінші іс-шарамыз. Қазақстан темір жолында өтуде. 2025 жылдан бастап бұл аталмыш акция бойынша біз жоғарғы оқу орындарымен және колледждармен жұмыс жасаған болатынбыз. Қазіргі таңда 2026 жылдың басынан бастап жұмысшы жастар арасында бұл акция бойынша жұмыс жасаудамыз. Біздің юасты мақсатымыз жастар арасында заң мен тәртіпті дұрыс насихаттау, жастарға дұрыс түсінік беру.

Кездесу барысында мамандар соңғы жылдары кең таралған кибералаяқтық фактілеріне жеке тоқталды. Интернет арқылы жасалатын қаржылық алаяқтық, жеке деректерді заңсыз иемдену, белгісіз сілтемелер мен жалған инвестициялық жобалардың қауіптілігі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар есірткі бизнесі, дропперлік және лудомания сияқты қылмыс түрлерінің қоғамға тигізетін зияны, әсіресе жастар арасында оның салдары кеңінен талқыланды. Оған қоса, заңнамадағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар таныстырылып, құқықбұзушылық үшін көзделген жауапкершілік түрлері түсіндірілді.

Мадина Орынбасарова, облыстық прокуратураның прокуроры:

Қылмыстық схемалар мен заңсыз бизнесте көбіне қарапайым азаматтар пайдаланылады. Кей жағдайларда адамдар өздерінің қылмыскерлер тарапынан қолданылып жатқанын мүлде білмейді. Олар өздерін заңды түрде жұмыс істеп, тек ақшаны қолма-қол айналымға шығарып жүрмін деп ойлайды. Тәжірибемізде дроппер болған, бірақ өзін заңды қызмет атқарып жүрмін деп санаған адамдар кездесті. Алайда іс жүзінде мұның барлығы заңсыз әрекет.

Ләйлә Төлеубекова, ШҚО бойынша «Esbol Qory» фронт-офисінің басшысы:

Бүгін бізде осы «Esirtkisiz Qaraqstan» жобасы аясында кездесу өтіп жатыр. Осы жоба аясында біз өткен жылы және де осы жылы елуден астам рейдтер өткізген болатынбыз. Осы студенттермен бірлесіп наркограффити боятып, наркошоптарды блоктаған болатынбыз. Және де осы бір жыл ішінде студенттермен кездесу өткізген болатынбыз. Осы нашақорлықтың зияны бойынша, нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесулер өткізіп, осы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап жатырмыз.

Мұндай кездесулердің мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға деген сенім мен құрметті күшейту.

Талант Тұрсынов