Қаңтардың 18-і мен 19-ы аралығында Өскемендегі құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Бұл күндері православ христиандарының шоқыну мерекесі. Мамандар суға түспес бұрын денені қыздырып, жаттығу жасауға кеңес береді. Мерекеге орай, өңірде барлығы 16 шомылу орны әзірленген. Бұл туралы ШҚО ТЖД-нің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында хабарлады.

 «Қазгидромет» болжамына сәйкес, бұл күні облыста ауа температурасы 30 градус аязға дейін баруы мүмкін. Биыл ауа-райының құбылмалы болуына байланысты мамандар сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Шоқыну мерекесінде жергілікті атқарушы орган өкілдері бірқатар дайындық жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайды жасамақ.

Жанат Мекеева, облыстық Дін істері басқармасының басшысы:

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан суға түсуге арналған басқыштар, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік қоршаулары, био дәретханалар, қоқыс жинауға арналған жәшіктер, сондай-ақ, жылыту пунктері ұйымдастырылатын болады.

Бұл күні кезекшілікке жалпы саны 230 адам және 69 бірлік техника шығады. Олардың қатарында құтқарушылар, апаттар медицинасы орталығының мамандары, жедел жәрдем қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар.

Эльдар Шаймарданов, ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы:

Суға шомылу барысында техникалық қауіпсіздік шарасын сақтау қажет болады. Суға түсу алдында дене қыздыру жұмыстарын жасау қажет. Арнайы жүгіру, дене жаттығуларын жасау керек. Құлап қалмау үшін жеңіл шешілетін, тайғанамайтын киім кию керек болады.

Бұдан бөлек, дін өкілдері бұл күні суға шомылу діни тұрғыда міндетті шарт емес екенін еске салады.

Иерей Константин Дьяков, Өскемен қ. Андрей кафедралды соборының клиригі:

Суға шомылу – бұл халық арасындағы ырым.Яғни, діни міндет емес. Бұл — ең алдымен рухани мереке. Шомылу міндетті шарт емес. Мерекені дұға жасап, шіркеуге барып, игі істермен атап өткен абзал.

Мамандар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Фатима Тілейханқызы