Облыстық оңалту орталығы 10 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде мұнда 32 мыңнан астам адам күрделі операциялар мен ауыр сырқаттардан кейін оңалту курсынан өтті. Орталық жылдан-жылға дамып келеді. Мекемеде заманауи жабдықтар орнатылып, жаңа әдістемелер енгізілуде. Мамандар құрамы да кеңейіп келеді.
Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығы соңғы он жыл бойы пациенттерге күрделі операциялар мен ауыр дерттен кейін қалпына келулеріне көмектесіп келеді. Бүгінде орталық медициналық оңалтудың сұранысқа ие алты негізгі бағыты бойынша жұмыс істейді. Мұндай тәсіл пациенттерді оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Тимур Төртаев, ШҚО оңалту орталығының бас дәрігері:
Біздің орталықтың ерекшелігі –оңалтудың барлық кезеңдері мен бейінді жұмыстар жасалады. Біз алты бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның ішінде травматология және ортопедия, кардиология – кардиохирургия, неврология және нейрохирургия бар. Барлық алты бағыт бойынша өте жақсы көрсеткіштер бар. Жылына шамамен 4 мыңға жуық пациентті емдейміз. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Жақсы жасалған операция – бұл табыстың тек 50%-ы ғана. Одан әрі пациентті қалпына келтіру оның еміне байланысты. Бұл жұмыстарды біздің орталық жақсы атқарып келеді.
Оңалту орталығындағы ем түрі басқа емханалардан қарағанда өзгерек. Мұнда әр науқас үшін мамандар диагнозы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Мұндай әдіс емнің тиімділігін арттырып, белсенді өмірге тезірек оралуға мүмкіндік береді.
Ляйля Қайролдина, ШҚО оңалту орталығының реабилитолог-дәрігері:
Әр пациент үшін оңалту жоспары жеке жасалады. Бізде мультидисциплинарлық команда бар. Оның құрамына невропатолог, реабилитолог, логопед, психолог және әлеуметтік қызметкер кіреді. Осы мамандардың көмегімен әр пациентке жеке емдеу жоспары құрылады.
Емделуші Марина Терлецкаяға тізе буынын ауыстыру бойынша операция жасалған. Оның айтуынша, хирургиялық ем сәтті өткен. Қазіргі уақытта ол оңалтудан өтіп, жағдайын қалыпқа келтіріп жатыр.
Марина Терлецкая, ШҚО оңалту орталығының пациенті:
Емнің әсері жақсы нәтиже беріп жатыр. Тіземді бүгіп, жүре бастадым. Бұрын аяғымды сылтып басатынмын. Қазір оңалту жұмыстарының арқасында барлығы қалыпқа келді.
Он жыл ішінде Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Орталық алдағы уақытта да дамуын жалғастырып, жаңа технологияларды енгізіп, оңалту сапасын одан әрі арттыруға ниетті.
Фатима Тілейханқызы