Күршім ауданында жастарға арналған бірқатар маңызды нысан жаңғыртылды. Аудан халқының едәуір бөлігін құрайтын жастар үшін ресурстық орталық пен спорт кешені толық жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық база жаңартылып, жаңа мүмкіндіктер ашылды. Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, белсенді болуына серпін бермек. Жаңартылған нысандар бүгінде толықтай пайдалануға берілді.

Күршім ауданында 15 мыңға жуық азамат тұрады. Оның 38 пайызы — 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Осыны ескере отырып, ауданда жастарға арналған әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Өткен жылы Күршім аудандық жастар ресурстық орталығы ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 30 млн. теңге бөлініп, мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде орталықтың техникалық базасы толық жаңартылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жаңа алаңдар ашылды.

Мейіржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:

Күршім ауданының жалпы халық саны 14800 құрайды. Оның 38 пайызы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Жастарға арналған бізде биыл бірнеше ғимарат жөндеуден өтіп қайта жаңғырды. Ол мына жастар ресурстық орталығы. Жастарға арналған спорт кешеніне де биыл облыстық басқармадан 133 млн. теңге қаражат қарастырылып, күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі күні жұмыстар жүз пайыз толық аяқталып онға жуық спорт түрінен үйірмелердің барлығы осы жерде өтеді.

Жаңғыртудан өткен жастар ресурстық орталығында конференц-зал іске қосылып, комьюнити бөлме ашылды. Сонымен қатар бильярд бөлмесі толықтай жаңартылып, заманауи кеңсе техникасы сатып алынды. Бұл жаңалықтар тек жастарға ғана емес, аудан тұрғындарының да бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Спорт саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазіргі таңда ауданда үлкен жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге, қолданыстағы жастарға арналған спорт кешені биыл облыстық басқарма тарапынан бөлінген 133 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеуден өтті.

Армен Карапетян, Күршім аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Жастар ресурстық орталығының ғимараты ағымдағы жөндеуден толығымен өтті. Қазіргі таңда бос уақытты тиімді пайдалануға жастарға, жаңағы Күршім ауданының тұрғындарына жаңа жерлер ашылды. Іске қослыған конференц-зал бар. Одан басқа бильярд бөлмесі жаңартылды, жаңа оргтехника алынды.

Шыңғыс Әлімбеков, ауыл тұрғыны:

Біз осы жерге келіп үнемі ойнап жүреміз жастар. Кешкі уақытта, түстен кейін. Өзіміздің жастардың арасында турнирлер жүргізіліп жатады.

Күршім ауданында қолға алынған бұл жобалар — болашаққа жасалған нақты инвестиция.

Талант Тұрсынов