Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Англияның Ноттингем қаласында өткен Континентальдық кубоктан күміс медаль иеленіп келген «Торпедо» ойыншыларын құттықтады. Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған хоккейшілермен жүздесуге әріптестеріміз де барып қайтты.

Бұл – клуб тарихындағы Континентальдық кубоктағы ең жоғары нәтиже. Бұған дейін Өскемендік хоккейшілер 2007–2008 жылғы маусымда қола жүлдені еншілеген еді. Бұл жеңіс – тек команданың ғана емес, өңір жұртының мерейі. «Торпедоның» халықаралық аренадағы табысы аймақ спортының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кездесу барысында аймақ басшысы «Торпедо» хоккей клубына алғыс хат табыстады.

Облыс әкімі бұл жетістікті өңірде хоккейді жүйелі түрде дамытудың, кәсіби бапкерлер штабы мен спортшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп бағалады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл күміс жүлде жай ғана спорттық жетістік емес, бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары аясында облыста жүргізіліп жатқан спортты дамыту, тренерлердің дұрыс жұмыс жасауының арқасында, спорттық инфрақұрылымдарды құру жөніндегі жұмыстардың нәтижесі.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша, халықаралық аренадағы бұл нәтиже — кездейсоқ жетістік емес. Команданың табандылығы, бапкерлер құрамының жүйелі жұмысы мен жанкүйерлердің қолдауы «Торпедоның» әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Клуб алдағы маусымда да ел чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, халықаралық деңгейдегі бәсекелерде өңір намысын қорғауды мақсат етіп отыр.

Асқар Можанов, Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Матч оңай болған жоқ. Дегенмен, команда соңына дейін күресіп, табандылықтары мен жоғары ойын деңгейін көрсетті. «Торпедоның» мақсаты өзгермейді. Ел чемпионатында топ жарып, келесі маусымда да Континентальдық кубоктың финалдық кезеңіне жолдама алу басты мақсат. Ал, Еуропаның ең беделді турнирінде күміс жүлде иелену — өте жоғары нәтиже. Бұл — өңір спортының дамып келе жатқанының айқын дәлелі. «Торпедо» хоккей клубы біз үшін әрдайым бренд. Жанкүйерлер үнемі командамен бірге.

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі Борис Александров атындағы Спорт сарайында өткен «Торпедо» мен Петропавлдың «Құлагер» командасы арасындағы матчта символикалық шайба тастау рәсіміне қатысты.

Бұдан соң «Торпедо» бірден мұз айдынына шықты. «Құлагермен» болған ойын тартысқа толы өтті. Жанкүйерлердің қолдауы мен спортшылардың жігері спорт сарайында ерекше атмосфера қалыптастырды.

Фатима Тілейханқызы