Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов XXV қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған өңір спортшыларымен кездесті. Ақпан айында олар Италияда өтетін төрт жылдықтың басты спорт додасында ел намысын қорғайды.
№ріктеуден өткен өңірдің төрт спортшысы фристайл-могулдан ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Олар халықаралық жарыстардың жеңімпазы Анастасия Городко, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Павел Колмаков, болашағынан зор үміт күттіретін Аяулым Әмренова және еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем кубогінің жеңімпазы Юлия Галышева.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Сіздер үшін бұл – Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының атын әлемдік деңгейде қорғайтын зор міндет. Олимпиада – көп жылғы еңбектің, рух күшінің және өз-өзіңе деген сенімнің нәтижесі. Біз өңіріміздің лайықты спортшылары ұлттық құрама сапында өнер көрсететініне мақтанамыз. Сіздер – жастарға үлгі, баршамызға шабыт беретін тұлғасыздар.
Сондай-ақ, облыс әкім спортшылардың жетістігіне үлес қосып жүрген бапкерлерге, дәрігерлерге, мамандарға алғыс білдірді. Дәл осы командалық жұмыс, жүйелі тәсіл мен кәсіби дайындық Олимпиада шыңына шығуға мүмкіндік береді.
Анастасия Городко, фристайл-могулдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Дайындығымыз өте жақсы өтіп жатыр. Қазір бапкерлер штабының жетекшілігімен жұмыс істеп, алдағы Алматыға сапарға өзіміздің базада әзірленудеміз. Онда Олимпиада алдындағы жаттығулар жалғасады. Бапкерлер моральдық дайындықтан бастап, физикалық жаттығуға дейін жоспардың бәрін толық құрып отыр.
Ал, Павел Колмаков үшін Олимпиада ойындары спорттық мансаптағы ең басты жарыс. Ол бұл додаға көп жыл бойы табанды дайындалғанын айтады.
Павел Колмаков, фристайл-могулдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Дайындық пен жиындар ойдағыдай өтуде, жарақат жоқ, көңіл-күй тамаша. Бапкерлер бізге әрдайым қолдау көрсетіп, қажет дүниенің бәріне көмектеседі. Бұл – кез келген спортшының мансабындағы ең басты жарыс. Мен осы мақсатқа көп уақыт бойы табанды дайындалдым. Ең үлкен арман - Олимпиада медалі. Сондықтан жеңіс тұғырына шығуға бар күшімді саламын.
Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары ақпан айының 6-22 аралығында Италияда өтеді. Дүбірлі додада әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы бақ сынап, 16 спорт түрі бойынша жүлделер сарапқа салынады.
Бекарыс Секен