Облыста тұмау, жіті респираторлық және коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда өткен маусыммен салыстырғанда сырқаттанушылар саны біршама артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді.
2025–2026 жылдардағы маусымда облыста ЖРВИ-дің 141 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Аурушаңдықтың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Өткен маусымда тұмаудың 182 жағдайы зертаханалық жолмен расталып, көрсеткіш 8 есе артқан. Дегенмен, мамандар бұл жағдай көпжылдық бақылау деңгейінен төмен екенін айтады. Тәуекел тобында – жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі сәбилер кіреді.
Сәуле Слямғазина, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
ҚР-ы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2025 жылдың 22 тамыздағы № 6-ші «2025-2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда Тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» Қаулысы негізінде, ағымдағы жылы ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиялық маусым 2025 жылдың 01 қазаннан бастап 2026 жылдың 01 мамырына дейін жалғасады.
Эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы 77 мың адам вакцинациядан өткен. Оның 75 мыңы жергілікті бюджет есебінен, 1 868 адам жұмыс берушілер қаржысына, ал 180 тұрғын ақылы негізде екпе алған. Нәтижесінде халықты вакцинациямен қамту деңгейі 10,6 пайызды құрады.
Сәуле Слямғазина, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және коронавирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай қазіргі уақытта тұрақты және қанағаттанарлық. Өткен 2025-2026жж эпидмаусымында облыста ЖРВИ-нің 141493 жағдайы тіркелген, 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 19529,45 промиль құрап отыр. Өткен эпид маусымда тұмаудың зертханалық расталған 182 жағдайлары тіркелді, қарқынды көрсеткіш деңгейі 100 мың адамға шаққанда – 25,3. 14 жасқа дейінгі балалар арасында-39 жағдайы тіркелген.
ЖРВИ мен тұмауға шалдығу жағдайлары негізінен Өскемен және Риддер қалаларында, Шемонаиха ауданында жиі тіркелген. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтауға, адам көп жиналатын орындарда бетперде тағуға және вакцинациядан уақтылы өтуге шақырады. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алдын алу – оның салдарымен күресуден әлдеқайда тиімді.
Нұртас Қайролдаев