Облыстық оңалту орталығы биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт аралығында мекеме өңірдегі медициналық оңалтудың негізгі орталығына айналды. Мекемнің мерейтойына орай Өскеменде мазмұнды шара ұйымдастырылды. Жиынға Алматы мен Астана қалаларынан келген білікті дәрігерлер, сала мамандары мен орталық ұжымы қатысты. Олар оңалту саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.
Орталықтың іргесі алғаш 2016 жылы қаланып, жұмысын бастаған. Содан бері төсек-орын қоры бірнеше есе артып, қызмет көрсету бағыттары кеңейді. Қазіргі таңда мұнда кардиологиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық, ортопедиялық және травматологиялық оңалту түрлері қолжетімді. Жиын барысында мамандар заманауи медициналық құрылғыларды таныстырып, маңызын түсіндірді.
Оксана Коночкина, дәрігер-физиотерапевт:
Физиотерапия саласындағы әлемдегі ең заманауи әрі ең сұранысқа ие аппараттардың бірі — радиалды соққысы бар толқынды терапия аппараты. Бүгінде бұл — оңалтудағы танымал әдістердің бірі. Бұл —хирургиялық араласусыз жүргізілетін емдеу тәсілі. Радиалды соққы механикалық қызметпен жұмыс істейді. Аталған аппараттың әсер ету ауқымы өте кең. Әр пациент үшін жеке-жеке режим таңдалады. Бұл көрсеткіштер науқастың диагнозына, емдеу мақсатына және жеке ерекшеліктеріне тікелей байланысты.
Мекемеде тәулік бойы және күндізгі стационар жұмыс істейді. Пациенттер үшін жайлы жағдай жасалып, оңалту заманауи медициналық құрал-жабдықтар арқылы жүргізіледі. Мамандар үздіксіз біліктілігін арттырып, халықаралық емді тәжірибеге енгізіп келеді.
Тимур Төртаев, ШҚО оңалту орталығының бас дәрігері:
Қазақстан бойынша оңалтудың барлық алты бағытын қамтитын мұндай орталықтар саусақпен санарлық. Бізде емдеудің барлық заманауи әдістері қолданылады. Қарапайым кинезиотерапиядан бастап, ЛФК нұсқаушыларымен жүргізілетін жаттығуларға, сондай-ақ роботтандырылған технологияларға дейін жұмыстар бар. Қолданылатын медициналық жабдықтар —жоғары деңгейде. Жалпы медицинадағы технологиялар бір орында тұрмайды, үнемі дамып отырады. Әсіресе, соңғы жылдары оңалту мен қалпына келтіру саласында науқастардың жағдайын емнің басынан бастап, соңына дейін емдеуге мүмкіндік беретін жаңа роботтандырылған кешендердің пайда болуы көңіл қуантады.
Бүгінде облыстық оңалту орталығы мыңдаған пациентке сапалы медициналық оңалту көмегін көрсетіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосып отыр.
Фатима Тілейханқызы