«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында шаңғы жарысы ұйымдастырылды. Спорттық сайысқа 16 мен 20 жас аралығындағы жүзге жуық мектеп оқушысы мен студент қатысты. Басты мақсат – жастарды салауатты өмір салтына баулу және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Шара облыстық прокуратура, полиция департаменті және жергілікті атқарушы орган өкілдері ұйымдастырды. Бұл бастама жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Болатбек Мамырбаев, Өскемен қ. әкімінің кеңесшісі:

Заң мен тәртіп республикалық концепциясы аясында Өскемен қаласында кешенді іс-шаралай ұйымдастырылуда. Өткен 2025 жылы біз прокуратура органдарымен бірлесіп, арт мәдениетін дамыту мақсатында графитиден жарыс өткізген болатынбыз. Осы жылдың бастамасында оқушылар арасында шаңғы жарысын ұйымдастырып отырмыз. Концепцияның негізгі мақсаты, жастарды заңға бағынуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баулу болып табылады. Жарыс жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды деп айтуға толық негіз бар. Қаланың барлық мектептерінен қатысушылар келіп жатыр. Енді болашақта да прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен Заң мен тіртіп концепциясы аясындағы іс-шаралар өз жалғасын табатын болады.

Шара барысында профилактикалық бағыттағы шараларда ұйымдастырылды. Полиция департаментінің мамандары интернет алаяқтық, нашақорлық және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратты. Бұдан бөлек, түрлі викториналар мен танымдық ойындар ұйымдастырылды.

Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

Осы шара Заң мен тәртіп концепциясы аясында жастар арасындағы құқық бұзушылықты тоқтату болатын. Осы іс-шараны пайдалана отырып, Интернет алаяқтыққа, нашақорлыққа жалпы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды өткізіп жатырмыз.

Спорттық шараға арнайы келген сурдлимпиада ойындарының чемпионы Фаина Мейірманова мұндай жарыстардың тәрбиелік маңызына тоқталып, жастардың белсенділігіне жоғары баға берді.

Фаина Мейірманова, сурдлимпиада чемпионы:

Мен осындай іс-шараларды толық қолдаймын — бұл шынымен керемет. Мұндай жарыстарда жастардың көп болғаны қатты қуантады. Бұл — салауатты өмір салтын насихаттау, дұрыс құндылықтарды қалыптастыру. Игі бастамалар алдағы уақытта да көбейе берсе екен деймін. Үйткені осы арқылы заңды құрметтейті, ұрпақ қалыптасады.

Сайыс бағдарламасына сәйкес, қатысушылар 1 шақырымдық қашықтықта бақ сынады. Жарыс 16–17 және 18–20 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар арасында ұйымдастырылған. Жеңімпаздар жас санаттары бойынша анықталды.

Еркебұлан Мәдениетов, бас төреші:

Дистанция бізде 1км. Шаңғының тілімен айтқанда спринт. Бір км, бір круг. Төрт группа 16-17, 18-20 ұлдар және 18-20, 16-17 қыздар. Барлығы студенттер, колледж оқушылары, мектеп оқушылары келіп қатысып жатыр. Жарыс бойынша призерларды грамоталармен, медальдармен және арнайы сертификаттар бар солармен марапаттайды.

Жарысқа қатысқан жастар үшін бұл бастама спортқа қызығушылықты күшейтіп, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырудың тиімді құралына айналды.

Сайыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, ақшалай сыйлықтар, грамоталар және медальдармен марапатталды. Спорт мерекесі қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы ұйымдастырылған мұндай шаралар алдағы уақытта да игі жалғасын таппақ.

Нұртас Қайролдаев