Интернет арқылы жасалатын алаяқтық қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Белгісіз тұлғалар өзіндерін байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалуда. Олар түрлі сылтаумен азаматтарға зиянды қосымшаларды орнатуға көндіреді. Мұндай әрекеттер жеке деректер мен қаржы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді.
Соңғы уақытта интернет алаяқтары азаматтардың сеніміне кіру үшін ірі компаниялардың атын жамылуды әдетке айналдырған. Бұл жолы олар өздерін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған. Тарифті өзгерту немесе абонентті қорғау сылтауымен арнайы сілтеме жіберіп, «Қорғау» деп аталатын қосымшаны жүктеуді сұрайды.
Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Жақын арада ғана пайда болған жаңа интернет алаяқтықтың бір түрі. Ол кезде ол кезде адамдарға қоңырау шалып, өздерін «Қазақтелеком» қызметкерлері атынан таныстырады. Абаненттерді қорғау немесе тарифті өзгерту сылтауымен, сілтеме арқылы өтіп «Қорғау» немесе басқа атаулармен АПК кеңейтімі бар қосымшасын жүктеуді сұрайды. Қосымшаны орнатқаннан кейін бағдарлама алаяқтарға экранға, сонымен қатар, СМС-терге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде олар осы растау кодтарын алып шоттар мен депозиттерге қол жеткізеді.
Қосымшаны орнатқаннан кейін бағдарлама телефон экранына және SMS хабарламаларға толық қол жеткізеді. Соның салдарынан банк жіберген растау кодтары алаяқтардың қолына түсіп, қаржылық қауіп туындайды.
Нелли Макаренко, Қызмет көрсету және сату жөніндегі өңірлік менеджер:
Компания өкілдері абоненттерге растау кодтарын жібермейтінін хабарлаймыз. Сондай-ақ, қызметкерлер жеке нөмірлер арқылы WhatsApp қосымшасымен қоңырау шалмайды. Егер өтінімнің мәртебесін білу қажет болса, 160 нөмірі арқылы немесе ресми қосымша арқылы хабарласуға болады.
Мамандар тұрғындарды бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз қосымшаларды жүктемеуге шақырады. Кез келген күдік туындаған жағдайда бірден банкке немесе полицияға хабарласу қажет.