Адам өміріндегі ең жауапты сәт ол – мамандық таңдау. Өзінің кәсібін адаспай тапқан жан ғана сол кәсіптің биік шыңына шыға алады. Жүрек түкпіріндегі бала арманы алға жетелеп, мақсатқа жету үшін Гүлжанат Ахметбекқызы оқу бітіре сала бірден облыс орталығына жол тартады. Осылайша аспаз мамандығын меңгеріп, өз ісінің білікті маманына айналады. Бүгінде 100 аса шәкірт тәрбиелеген ол солардың жетістігімен мақтанады, марқаяды.
Абай облысы. Шұғылбай ауылында дүнеиге келген Гүлжанат Ахметбекқызы көпбалалы отбасында тәрбиеленді. Кішкентайынан анасына көмектесіп, еңбекке ерте араласты. 1998 жылы мектепті аяқтап, қазіргі Өскемен көпсалалы технология колледжіне аспазшы мамандығына оқуға түсті.
Гүлжанат Идришева, Өскемен көпсалалы технология колледжінің өндірістік оқыту шебері:
Алғашқы күн қызықты болды неге десеңіз мектепті бітіргенен кейін кәсіби салаға кәсіби білімге келген кезде ең алдымен біз көкөкністерді кесуді үйрендік. Көкөністен бірнеше түрлі тағамдар дайындаған кезде недеген сиқырлы бірнеше тағам дайындауға болады екен ғой деп бір картоптан мыңдаған тағам дайындауға болатындығына өзім таң қалдым.
Студенттік кезеңнен кейін Гүлжанат Ахметбекқызы өндірісте еңбек етті. Сол жылдары жинақтаған тәжірибесі оның кәсіби көзқарасын қалыптастырды. Ал уақыт өте келе сол білімді кейінгі буынға үйрету мақсатында өзі білім алған колледжге қайтып келді. Бүгінде ол жиырма жылға жуық ұстаздық еңбек өтілі бар, жүзден астам шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі маман. Ол үшін әр шәкірт – жеке тұлға, әрқайсысының қабілеті мен мүмкіндігі бөлек.
Нұрдәулет Серікжан, Г.Идришеваның шәкірті:
Мен осы Гүлжанат Ахметбекқызының үйреткені арқасында қаладағы ресторандардың бірінде повар болып жұмыс істеймін. Ол кісі сабақты өте сауатты түсіндіреді. Ол кісі әрбір оқушының қасиетін біледі. Соған байланысты тапсырма береді. Барлығына бірдей емес арасында күрделі тапсырма беріп отырады. Тазалық және жауапкершілік деп үйреткен болатын.
Гүлжанат Ахметбекқызы үшін аспаздық – жай ғана кәсіп емес, өнер мен ғылымды бір арнаға тоғыстырған, үлкен жауапкершілік пен талғамды талап ететін мамандық. Заман талабына сай болу үшін бүгінгі аспаз үнемі ізденісте болуы керек. Сондықтан сабақ барысында заманауи технологиялар мен жаңа тәсілдер кеңінен қолданылады.
Адима Мухажанова, Г.Идришеваның әріптесі:
Өз сөзімді ұлы жазушы Абай Құнанбаевтың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөзінен бастағым келеді. Себебі ғаламдағы әрбір адам өзінің орнын мақсатын табуы керек. Сол адамдардың бірі ретінде өзімнің әріптесім Гүлжанат Ахметбекқызын айтқым келеді. Жалпы ол кісімен 2007 жылдан бері Өскемен көпсалалы колледжінжде еңбек етіп келемін. Осы жылдар аралығында мен ол кісі ұдайы ізденістегі өзінің білімін, мейірімін шәкірттеріне беріп келе жатқан өндірістік шебері және оқытушы деп айта аламын.
Ұстаздық етуден жалықпайтын Гүлжанат Идришева жұмыс арасында аспаздықты меңгеруге ниетті өзге де азаматтарға курс өткізеді. Үйретеді. Білгенімен бөліседі.
Шынар Кекубаева, Өскемен көпсалалы технология колледжі директорының орынбасары:
Жалпы Гүлжанат Ахметбекқызы біз жұмысына сипаттама бергенде ақырын жүріп анық бас дегенде осы бір Гүлжанат Ахметбекқызы тікелей бойынан табылады. Өйткені асықпай өзінің асқан жауапкершілігімен асқан пәнге деген мамандыққа деген жаңа білімге деген құштарлығы осы қағидадағы өмірлік ұстаным емес, сонымен қатар ұстаздық жолында да шәкірттерді тәрбиелеуде де бұл қағиданы мықты ұстап отырған ұстаздарымыздың бірі.
Өз мамандығын таңдауда жаңылмаған Гүлжанат Ахметбекқызы әлі де талай шыңды бағындырып, шәкірттері әлемдік додаларда топ жарады деген сенім мол.
Салтанат Кеңесбекқызы