Облыстық Ана мен бала орталығында эпилепсиямен ауыратын науқастарға ем жасалуда. Заманауи тәсіл арқылы мамандар аурудың алдын алып, жаңа технологияның мүмкіндігін пайдалануда. Толығырақ тілші тарқатсын.

Эпилепсия мидың созылмалы дерті. Яғни, ми қызметі бұзылғандықтан құрысу ұстамалары қайталана береді. Бұл кеселмен қазір елімізде бірнеше мың адам күресіп жүр. Оның 70 пайызға жуығы - бала. Халық арасында «Қояншық» аталып кеткен сырқаттың бұрын мүлдем емі жоқ-тын. Ал қазір медицина қауіпті дерттің алдын алуда.

Нариман Айдарханов, Облыстық ана мен бала орталығының бөлім меңгерушісі:

2024 жылдан бастап балаларға ВНС терапиясын қолданып келеміз. Алғаш рет 2024 жылдың тамыз айында үш нейростимулятор орнатылып, шеберлік сабағы өтті. 2025 жылдан бастап орналастырып 20 балаға көмек берілді.

Ұстамаға қарсы дәріден бөлек, науқастарға ота жасалынады. Бірақ бұл жаңа жүйенің арқасында еміне шипа тапқандар бар.

Жадыра Боранбаева, Облыстық ана мен бала орталығының невропатолог-эпилептологы:

Оң көрсеткіш өте жоғары. Қазіргі таңда 20 балаға ВНС жүйесін қостық. Олардың көпшілігінде жақсы нәтиже байқалады. Қазір ұстамалар азайған. Аналар да нәтижені көріп, қуанып жүр. Біз де қуанамыз. Көпшілік қателесіп, аппарат орнатылса, бала дәрі ішпейді деп ойлайды. Бұл – мүлдем дұрыс емес. Ал ВНЕС – қосымша терапия. Дәрінің құрамын және мөлшерін бақылап, қажет болған жағдайда ұлғайтып отырамыр.

Облыстық ана мен бала орталығында бұл жүйе екі жылдан бері жұмыс істейді. Тәжірибе кеңейген сайын түрлі операциялар жүйелі жүргізілуде.

Бақытжан Қалиақперов, қала тұрғыны:

Осы аппарат қойылғаннан бері баламның жағдайы біршама жақсарды. Ұстамалары азайды.Күніне 2–3 рет қана ұстайды. Осындай сәттерде аппараттың көмегімен басты.

Мамандар алдағы уақытта бұл әдісті қолдану аясын кеңейтіп, тағы да көптеген жанға үміт сыйлауды көздеп отыр.

Бекарыс Секен