Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда мәлімдеді. Президент Арал теңізінің мәселесін де қозғады. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет екендігін айтты. Облыста осы бағытта білікті кадрларды белсенді даярлауда. Аймақ мамандары өз ойларын ортаға салды.
Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты деп, атап өтті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда. Сонымен қатар, «қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет. Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек», - деді.
Энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Ашығын айтсақ, осы аса маңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйткені кеңес заманынан қалған мәліметтер әлдеқашан ескірді. Қазақстанның су-энергетика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу қажет. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуі қажет.
Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осылай деді.
Валентина Колпакова, ЖОО –ның су ресурстарын басқару және суды пайдалану саласындағы құзыреттілік және технологияларды трансферттеу орталығының басшысы:
Президент халықаралық су ұйымын құрудың маңыздылығына ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатта сәуір айында Астана қаласында Халықаралық экология саммиті өту жоспарланған. Аталған жиында көршілес, су ресурстарын пайдаланушы мемлекеттермен бірлесіп Арал теңізін қалпына келтіру мәселелері негізгі тақырыптардың бірі болмақ. Сонымен қатар Мемлекет басшысы су ресурстарын басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте экономиканың барлық саласында, соның ішінде су шаруашылығы мен су пайдалану жүйелерінде цифрландыруды кеңінен енгізу аса маңызды. Елімізде гидроэнергетиканы дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу қажет.
Су ресурстарын басқару құзыреттілігі және технологияларды трансферттеу орталығы білім беруді, ғылымды және қолданбалы шешімдерді бірыңғай жүйеге біріктіреді. Ол болашақ су ресурстарын басқару мамандарын, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру мәселелерін терең меңгеріп жатқан магистранттарды дайындайды.
Валентина Колпакова, ЖОО –ның су ресурстарын басқару және суды пайдалану саласындағы құзыреттілік және технологияларды трансферттеу орталығының басшысы:
Мұндағы жастар аймақтағы Ертіс өзенінің жағдайын зерттеуге арналған ірі жобаға қатысты. Сонымен қатар, елдің су саласының қажеттіліктері үшін су шаруашылығы мен су пайдалану бағытында кадрлар даярлау жұмысы жүргізіліп жатыр. Қуатты инфрақұрылым қалыптастыру, гидроәлеуетті және гидроэнергетиканы дамыту – аса маңызды мәселе. Өйткені, бұған дейін айтылғандай, әңгіме тек гидроэнергетика туралы ғана емес, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығының энергия тұтынуы жайында. Сондықтан бұл – стратегиялық мәні бар маңызды бағыттардың бірі.
Бүгінде су мәселесі елдің қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына және тұтас аймақтардың болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық факторға айналды. Осыған байланысты су ресурстары саласы үшін білікті мамандар даярлау кәсіби міндет шеңберінен шығып, ұлттық маңызы бар басым бағыттардың біріне айналды.
Гүлдана айдарқызы