Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің акт залында LED-экран және үш интерактивті панель орнатылды. Оларға жасанды интеллект интеграцияланған. Бұл мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына нейрожелі негіздерін зерттеуге, өздерінің алғашқы цифрлық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заманауи цифрлық көмекшілерді сатып алуға «Казцинк» компаниясы демушілік еткен.
Жасанды интеллектпен жабдықталған интерактивті панельдер оқушыларға нейрожелі әлемінде алғашқы қадамдарын жасауға, идеяларды тудыруға және өз цифрлық жобаларын жасауға көмектеседі. Жаңа жүйенің мүмкіндіктері шексіз.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде «Казцинк» дәл осы бағыттарды қолдауы — түсінікті жағдай. Бүгін біз қолдаған жобалардың бірі — валеологиялық орталыққа сыйға тартылған үш интерактивті панель мен LED-экран. Бұл экрандардың басты ерекшелігі — олардың ішінде жасанды интеллекттің орнатылуы. Ол нейрожелімен байланыс жасауға, оқушыларға өздерінің цифрлық жобаларын құруға мүмкіндік береді. Оған қоса, валеологиялық орталық балаларға арналған білім беру ұйымдары мен бастауыш сынып жетекшілерін дамыту алаңы ретінде де қолданылады. Мұнда семинарлар, оқыту шаралары өткізіледі. Егер олар жасанды интеллектпен бірге жұмыс істеп, өз цифрлық жобаларын жасайтын болса, бұл өңіріміздегі білім беру жүйесінің дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын.
Білім ордасында облыстың балабақшалары мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинарлар тұрақты түрде өткізіледі. Интерактивті жабдық педагогтарға тәжірибе алмасуға және оны сабақтарында тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Анастасия Ермакова, Өскемен қ. дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің педагог-зерттеушісі:
Мектебімізде осындай цифрлық панельдің пайда болуымен мүмкіндігіміз айтарлықтай артты деп айтқым келеді. Оқушылар тек презентацияларды немесе әр сабақта енгізіліп жатқан цифрлық ресурстарды ғана пайдаланбай, тақтада жазып, түрлі әрекеттерді орындау мүмкіндігіне ие болды. Бұл олардың қызығушылығын арттырды.
Бүгінде мектеп-кешенінде шамамен 300 бала білім алуда. Қонақтарға зерттеу және шығармашылық жұмыстар көрмесі ұсынылды. Барлық бұйымдар оқушылардың өз қолымен жасалған. Көрмеде тіпті биореакторлар бар.
Наталья Ахаева, Өскемен қ. дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің директоры:
Бүгінгі көрмеде мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары ұсынылды. Олар биореактор жасаудан бастап, болашақта өндірісте қолдануға болатын дайын өнімдерге дейінгі жобаларын таныстырды. Бұл әзірлемелер тек өндірістік болашақ үшін ғана емес, балаларды оқытуға да көмегін тигізеді. Балабақшадан бастауыш сыныпқа дейінгі осы сабақтастық балалардың зерттеу қызметіне деген жоғары ынтасы мен қызығушылығын көрсетеді.
Ұстаздар қауымы балалардың цифрлық технологиялармен, жасанды интеллектімен ерте танысуы — білім мен өңірді дамытуға үлкен үлес деп есептейді.
Талант Тұрсынов