Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады», деп атап өтті. Күні кеше шаһардағы №40 жалпы орта білім беретін мектепте жасанды интеллект тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылды. Шараға оқушылар белсене қатысты.
Бүгінде барлық салада жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың көмегі адам өмірін жеңілдетіп, жұмыстың тиімділігін арттыруда. Алгебра пәнінен ұйымдастырылған ашық сабаққа оқушылар тыңғылықты дайындалған. Шара барысында заманауи оқыту әдістері қолданылып, жастардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Шырайлым Қинаятова, мектеп оқушысы:
Бұл ашық сабақта мен ЖИ арқасында осы сабақты түсінгім келеді. Осы мақсатқа жетемін деп ойлаймын. Жи күнделікті қолданамыз әртүрлі куиз сияқты ойындар ойнаймыз, бұл біздің дамуымызға жақсы әсер етеді. ЖИ қолдаймыз және бізге ұнайды.
Дарын Қантай, мектеп оқушысы:
ЖИ арқасында біз практикалық жобалық жұмыстармен айналысамыз. Соның арқасында біз көптеген қиын және де адамның қолынан келмейтін нәрселерді үйренеміз. Ол бізде тек қана алгебра геометрия пәнінен ғана қолданылмайды. Физика және химия пәндерінен қолданылады. Мысалы қиын теория немесе формулаларды үйренеміз. Бірақ ЖИ тек көшірмеу керек, себебі біз өзіміз өз ойымызбен үйреніп, білуіміз керек.
Сабақ барысында оқушылар топтық жұмысқа белсенді қатысты. Ойын түрінде түрлі тапсырмалар берілді. Математика пәнінің мұғалімі Ұлжан Нұрбек жасанды интеллектіні қолдану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артты, - дейді.
Ұлжан Нұрбек, Өскемен қ. №40 жалпы орта білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі:
Курипод жасанды интеллектісін қолдандым бүгін сабақта. Бұл ЖИ бірден оқушыға тапсырманы жасап, көрсетеді. Соңында оқушыға кері байланыс береді. Көбісі айтадығой оқушыларға зиянын тигізіп жатыр ЖИ деп. Негізі бұл қате пікір деп ойлаймын. Себебі оқушылар тек қана ЖИ қолдану арқылы, креативті сыни ойлау дағдылары қалыптасады деп ойлаймын. Және де ЖИ тек қана мұғалімнің оқушының көмекшісі. Ол ешқашан мұғалімнің орнын алмастыра алмайды.
Ашық сабақ – тәжірибе алмасып қана қоймай, білім беру үдерісіне жаңа серпін береді. Мұндай шаралар ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдауда сеп.
Гүлдана Айдарқызы